Сенат бұл саладағы жұмыстарға әрқашан қолдау көрсете береді

28 Мамыр 2021, 12:44
9746
Бөлісу:
Сенат бұл саладағы жұмыстарға әрқашан қолдау көрсете береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа туындыны Сенаттың аштық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі деуге болады. Бүгін Сенатта таныстырылған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» жинағы жайлы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Бүгін таныстырылып отырған үш томдық еңбек – ақпан айында Сенаттың ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелдің нақты нәтижелерінің бірі. Жаңа туындыны Сенаттың аштық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі деуге болады. Бұл кітап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалды. Осы еңбекте ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталған. Олар ашаршылықтың алғышарттары мен трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды, – деді Сенат спикері.

Кітапқа енген құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған.

Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәлімет пен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан осы көптомдықты ашаршылық жылдарының хронологиясы деп айтуға толық негіз бар, – деді ол.

Сонымен қатар ол қысқа уақыттың ішінде архивтерді ақтарып, құнды дүние дайындаған авторлардың еңбегін ерекше атап өтті.

Елдік мүдде жолында аянбай жұмыс істеген Берік Әбдіғалиұлы бастаған ұжымға алғысымызды білдіреміз. Сонымен бірге кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен «Атамұра» корпорациясы мен «Алтын Қыран» компаниялар тобына да алғыс айтамыз. Әрине, бұл кітап осы бағытта атқарылуға тиіс көп жұмыстың бір парасы ғана. Алда әлі талай мақсат-міндеттер тұр. Әсіресе, жарияланып жатқан құжаттар мен мәліметтердің негізінде жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізу қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл іске өңірлердегі мамандар мен ғалымдар кеңінен жұмылдырылды. 

Шет елдердегі архивтерде сақталған құжаттарды мұқият зерделеуді жүйелі жолға қою да негізгі мақсаттардың бірі. Сондықтан ашаршылық тақырыбына арналған игілікті істерді әрі қарай жалғастырудың маңызы аса зор. Сенаттың осы бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар лайықты жалғастырып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. Президент тапсырмасы аясында бұл саладағы жұмыстарға мемлекеттік органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетіле береді. Бүгін көпшілікке жол тартқан жаңа еңбектің ұлт санасын жаңғыртуға қосар үлесі мол болсын!, – деп аяқтады ол өз сөзін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Әшімбаев ортақ тарихи таным – біртұтас ұлттық сана қалыптастыратынын айтты.



Өзгелердің жаңалығы