Семейде республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі өтті

28 Мамыр 2023, 19:45
926
Бөлісу:
Семейде республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі өтті
Фото: Абай облысының әкімдігі

Додаға 16 ақыннан құралған 8 жұп бәйгеге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абай атындағы театрда Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және «ASSYLTAS» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «ASSYL DOMBYRA 2023» республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі өтті.

Додаға Абай, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Жамбыл облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 16 ақыннан құралған 8 жұп бәйгеге түсті.

Қазылар алқасының құрамында «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері, айтыскер ақын, сазгер Серік Қалиев, Қазақстан Жазушылар Одағының аймақтық филиал төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері Әнуар Омар, белгілі ақын, драматург Ақберен Елгезек болды.

Іріктеуден финалға – Жамбыл облысынан Айтбек Тұрсынбаев пен Қанат Мырзахан, Солтүстік Қазақстан облысынан Хавдолла Бейісхан, Абай облысынан Айбек Жеңісқазин мен Жасұлан Мақаев, Ерейментаудан Ерлан Дәулет, Шымкент қаласынан Нұрмахан Жақып және Алматы облысынан Шынарбек Тұрсын жолдама алды. Бұл ақындар ағымдағы жылдың шілде айының 1-2 жұлдызында Ақсуат ауданында өтетін ақтық мәреде «Асыл домбыра» үшін бақ сынасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы