Семейдің әуежайында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған әскерилерді қарсы алу рәсімі өтті ,- деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Әскери қызметкерлерді әуежайдан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов бастаған қарулы күш құрамы мен бітімгерлердің отбасы мүшелері салтанатты түрде қарсы алды. Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті 2024 жылдың наурыз айында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген болатын. Онда әскери қызметшілер мобильді патрульдеу, бақылау бекеттерін күшейту, эвакуация және минасыздандыру жұмыстарын атқарды.


Бүгін міне сол бітімгерлік құрам сапында қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлер мен сарбаздар аман-есен елге оралып отыр. Әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ел Президенті бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады. Солардың бірі 44736 әскери бөлімі барлау-шабуылдау ротасының командирі майор Есен Сабыржанов. Әскери қызметкер жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
.jpg)
- Алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына 600-ден астам әскери тапсырмаларды орындады. Бір жылдан астам уақытта әскери қызметкерлер өздерін өте жоғары деңгейде көрсетті. Әскери қызметкерлер біліктіліктерінің арқасында қойылған тапсырмаларды абыроймен орындап шықты, - деді майор Есен Сабыржанов.
