Семейде 53 жастағы әйел TikTok эфирі үшін қамалды

53 жастағы әйелдің TikTok-тағы эфирін шамамен 12 мың адам көрген. Ол былапыт сөз айтып, әдепсіз әрекет көрсеткені үшін сотталды.

 видеодан алынған кадр 17 Қыркүйек 2026, 10:27
17 Қыркүйек 2026, 10:27
89
Фото: видеодан алынған кадр

Абай облысында полицейлер мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында әйел адам былапыт сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын әдейі көрсеткен және айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Тікелей эфирді шамамен 12 мың адам көрген.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған әйелдің жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны Мадина Баяхметова болып шықты.

Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жасына байланысты 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Бұған дейін ІІМ хабарлағандай, полиция әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және оның жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілер заң бұзушылыққа жол берілетін кеңістік емес – әрбір заң бұзушылыққа тиісті құқықтық баға беріледі.

Әлеуметтік желілер – баршаға қолжетімді ақпараттық кеңістік. Тікелей эфир барысында былапыт сөздер айту, әдепсіз мінез-құлық көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де түрлері заңда белгіленген жауапкершілікке негіз болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтарды Заң мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу және құқыққа қайшы контенттің жолын кесу жұмыстары жалғасады.

Еске салсақ, балағат сөздері үшін бірнеше рет жауапқа тартылған әйел психикалық орталыққа жатқызылды.

Қазақстанда әлеуметтік желідегі зиянды контентке бақылау күшейтіледі. Жұрт назарын аударуға ұмтылу заңды немесе өзге адамдардың құқықтарын бұзатын әрекеттерге ақтау бола алмайды.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтөбелік әйелдің TikTok-тағы видеосы дауға қалды: Сот шешімі шықты 

Әлеуметтік желіде не жазуға болмайды? ІІМ жауапкершілікке әкелетін әрекеттерді атады

Наверх