Ешқандай шетелдің азаматы еліміздің цифрландыруымен айналыспайды – Мусин

11 Қараша 2021, 12:48
1074
Бөлісу:
Ешқандай шетелдің азаматы еліміздің цифрландыруымен айналыспайды – Мусин
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сберге қатысты журналистердің қойған сұрағына жауап берді.

Министр халықтың наразылығын тудырған 3 сұрақ барын айтты.

Біріншісі, біздің IT компаниялардың жұмысы туралы. Жоба келсе, елімізде цифрландырумен шетелдің мамандар айналысады. Ал қазақстандық мамандар не істейді?

Екіншісі, қазақстандықтардың деректері сақталмайды, олар басқа мемлекетке қолжетімді болады.

Үшіншісі, қазіргі күні елімізде цифрландыру жоғары деңгейде. Оны енді басқа технологиялармен арттыру не үшін қажет болды?

Осы үш сұраққа жауап берейін. Алдымен, шынында да қазақстандық IT компаниялар осы жоба аясында жаңа, ауқымды жұмысқа ие болады. Яғни ешқандай шетелдің азаматы біздің цифрландырумен айналыспайды. Біз цифрландыруды өз қолымызбен жасағанды және әрі қарай оны өзіміз жалғастыруды оң көріп тұрмыз. Бұл, біріншісі, – деп түсіндірді Цифрлық даму министрі.

Оның айтуынша, жұмысты қандай негізде жасау керегі басқа мәселе.

Технологиялық негізге бүгінгі таңда Сбермен меморандумға қол қойылған кезде оны талқылап, таңдадық және оған бет бұрып жатырмыз. Неге? Өйткені бізге ашық кодтарды беріп, біздің мамандар жұмысты өздері жалғастырады. Бұл бізге оң нәтиже береді. Бұрынғы кезде шетелдің технологияларын қолдаған болатынбыз. Бірақ олардың ашық кодтары біз үшін қолжетімді болмады. Ал қазіргі таңда осы технологияны алатын болсақ, қазақстандық мамандар оның негізін (платформаны – министр) пайдалана отырып, өзіміздің цифрландыруымызды жасайды, – деп айтты Мусин Сенат кулуарында.

Сондай-ақ деректер бойынша көтерілген мәселеге қатысты пікірін білдірді.

Деректер ешқандай шет елге берілмейді, оларға қолжетімді болмайды. Ол заңмен қарастырылған. Ақпараттық қауіпсіздік заңына сәйкес деректер базасы ешқандай шетелдік маманға қолжетімді болмайды. Осы деректер базасы бойынша Қазақстанның ішінде серверлік орталықтар құрылады. Осы орталықтардағы платформада біздің деректеріміз сақталады. Шетелдік мемлекетке деректерімізді беріп жатқан жоқпыз, – деп айтты ол.

Министрдің сөзінше, сарапшылар кеңесінің жұмысы жүріп жатыр. Ол кеңес технологияның тетіктерін, ішіндегі компоненттерін талқылайды.

Біздің қазақстандық IT компаниялар әрі қарай сол негізді (платформаны – ред.) пайдалана отырып, шетелдік азаматтарсыз өз цифрландыруымызбен өзіміз айналыса алатынымыз туралы айттым. Бұл қазақстандық IT компанияларға жаңа нарық туғызады. Меморандум аясында (Сбермен – ред.) жұмыстар әрі қарай жүргізіліп жатыр, – деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Мусин сарапшылар қауымдастығы қоғамда туындап жатқан мәселелерді талқылайтынын айтты.

Платформалық модельге көшкенде шамамен 500 млн АҚШ долларына тең қаржы жұмсалады. Бірақ ол соманың ішінде қазақстандық IT компаниялардың жасайтын жұмысы ең маңызды бөлік. Осыны айта кеткен жөн. 500 млн АҚШ доллары толығымен шетелге кетпейді. Өйткені осы соманың қомақты бөлігі отандық IT компаниялардың жұмысына бөлінеді. Платформалық модельге көшкендегі қажетті инфрақұрылым – серверлік орталық Қазақстанда қалады, ол ешқайда кетіп қалмайды, – деді ол.

Министр сөзін қорытындылай келе, ашық кодтары бар платформа Сберден сатып алынатынын айтты.

Қазір отандық IT қауымдастықта мұндай жүйе жоқ. Осы платформа негізінде Сбер қазақстандық IT компаниялар мен мамандарға консультация өткізіп, осы платформада қалай жұмыс істеу керегін үйретеді. Ол үшін оқу орталығы ұйымдастырылады, – деді Бағдат Мусин.

Өзгелердің жаңалығы