Саяси реформаларды қаламайтындар биліктің ішінде де бар – Айдос Сарым

6 Қыркүйек 2019, 14:11
2432
Бөлісу:
Саяси реформаларды қаламайтындар биліктің ішінде де бар – Айдос Сарым
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында саясаттанушы Айдос Сарым саяси реформа тақырыбына тоқталды.

"Шынын айту керек, елімізде саяси реформа деген тақырып айтуға оңай болғанымен іс жүзінде аса күрделі. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты. Бірақ ақиқатына келсек, жұмыс тобының ішінде де қызу талқылау болды. Бүгінде саяси реформаларды бос сөз деп санайтындардың қатары көбейіп келеді. Қоғам ішінде біреулер өзгерістерді қаласа, енді біреулер ештеңе өзгермесе екен деп отырады. Ондай адамдар биліктің ішінде де бар", - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, елдегі сайлау туралы заң жобасына өзгеріс қажет. Қазақстанда қазіргі кезде саяси үдерістердің негізін қалайтын 5—6 заң бар екен. 

"Егер осы бес заң ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке жол ашылады деген пайым бар.  Ол заңдарға тоқталатын болсақ, 1995 жылы қабылданған "Митингтер туралы" заң, 1995 жылдан бері мың рет жамалған "Сайлау туралы" заң, 1999 жылғы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң, 2002 жылғы "Саяси партиялар туралы" заң және "Парламент және депутаттар туралы" заң". Саяси партиялар туралы заңнамада азаматтардың саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, еркін жұмысқа сай болатын, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер азайтылуы тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама БАҚ деген ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминализациялау, дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы керек", - дейді Айдос Сарым. 

Ол сондай-ақ парламент, мәслихат сайлауларына да тоқталып өтті.

"Қазақстанның сайлау кодексі көп сынға алынып отыр. Біздің ойымызша, алдағы уақытта заңнама парламент пен мәслихаттың сайлаудың араласына жүйесіне көшу, саяси партиялардың мәжіліске өту табалдырығын төмендету, аудан деңгейіне дейін әкімдерді халықтың тікелей сайлауын қамтамасыз ететін өзгерістермен толығуы тиіс деп отырмыз. Мұның бәрі, әрине, бір күнде бола қоймас. Бірақ осының сатылық жүйесін жасау біздің қолымызда бар. Ең бастысы, құжатта парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, парламенттік оппозицияның қызметіне мүмкіндік беру, парламент қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі қамтылуы тиіс", - дейді кеңес мүшесі.
Өзгелердің жаңалығы