Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – ел парызы

31 Мамыр 2023, 18:40
1030
Бөлісу:
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – ел парызы
Фото: Сейсмология институтының баспасөз қызметі

Бүгін Алматыда қала жұртшылығы Алаш ардақтысы Ораз Жандосовтың ескерткішінің алдында саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараның негізгі мақсаты – келешек ұрпақ өкілдеріне халқымыздың тарихын және ел бірлгін құрметтеуге үйрету.

Жиынға Бостандық ауданы әкімшілігі, AMANAT партиясы Бостандық аудандық филиалы, Сейсмология институтының қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың арасында қазақтың біртуар ұлдарының бірі Ораз Жандосовтың ұлы Әли Жандосов та бар.

Бүгін біз қайғылы оқиғаны еске алуға жиналып отырмыз. Сол кездегі қатал саясат, жазықсыз адамдарды жаппай қуғындаудың салдары халқымызға адам шығыны мен ауыр тағдыр тауқыметін әкелді. Статистикаға сүйенер болсақ, шамамен 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылған. Алайда бұл нақты емес. Ал ашаршылықтан қырылғандардың саны шамамен 1,8-2,5 млн деп айтылып жүр. Адам шығыны одан да көп болуы мүмкін, – деп атап өтті Әли Жандосов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – ел парызы

Институт директоры Дәулет Сәрсенбаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз екенін атап өтті.

Халқымыздың ардақты азаматы Ә.Бөкейхановтың: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жо¬ғалуға бейім тұрады», – деп жазған сөзі бар. Қазіргі заман ұрпақ өкілдері өздерінің тарихын білу керек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Олар ел үшін құрбан болды. Сондықтан да репрессия құрбандарын жыл сайын емес, ай сайын, күн сайын еске алып отырсақ, бұл - елдігімізді сақтау екені ақиқат, - деді Дәулет Сәрсенбаев.

Еске алу іс-шарасына қатысушылар қуғын-сүргінге ұшырағандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Өзгелердің жаңалығы