Саясаттанушы: Елімізде ең батыл, ең сапалы шешім қабылдайтын бір ғана институт қалды

7 Қаңтар 2022, 18:02
1735
Бөлісу:
Саясаттанушы: Елімізде ең батыл, ең сапалы шешім қабылдайтын бір ғана институт қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа арнаған үндеуіне қатысты өз ойын жеткізді. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Елде болып жатқан жағдайлар – ешқандай демократияға қатысы жоқ дүниелер. Сырттан келген кем дегенде бірнеше жүз адам (Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан деп естіп жатырмыз) кәсіби, армиялық дайындығы бар азаматтар біздің ашынған халықтың әңгімесін пайдалана отырып, өзінің мәселесін шешу үшін үлкен қиянатқа барып отыр. Қиянат болғанда, азаматтардың өліміне, адамдардың өліміне әкеліп жатқан үлкен трагедия туындатып отыр. Оны енді айқын көріп отырмыз. Кешелі бері Алматының бес телеарнасын өртеген, жойған. Көктөбедегі ақпарат таратушы орталыққа қасақана шабуылдар жасалды. Оның ішінде, өкінішке қарай, біздің кейбір зиялысымақ азаматтардың да тірлігі бар. Осыған алданды, басқа да болды дегендей, - дейді сарапшы.

Қоғам қайраткері басқыншылықа барған топтардың әрекетінен жымысқы мақсаттарын түсінуге болатынын айтады.

Менің ойымша, басты мақсаттары алдымен қару-жарақ арсеналдарын алу болған. Алматыдағы қару сататын дүкендердің бәрі түгел тоналған. Екіншіден, қару-жарақ сақталған қоймаларды, шекара қызметі институтының жұмысын тұралату үшін бір жағынан дүкендерге, екінші жағынан сондай нысандарға шабуыл жасалған, - деді Расул Жұмалы.

Оның айтуына қарағанда қазіргі қазақстандықтардың бәрінің ортақ міндеті – елді тұрақтандырып, халықтың жағдайын жасау.

Керек болса, полиция мен армия қиянатқа баруға мәжбүр болып отыр. Сондықтан, бұл жағдайда азаматтарға ес жиятын, ақылға тоқтайтын кез келді. Бұл ойыншық емес. Елдің болашағы бар ма, жоқ па? Біз мемлекет ретінде сақталамыз ба, сақталмаймыз ба дейтін сәтке тап келіп тұрмыз. Бүгін өте күрделі жағдайда тұрмыз. Өз басым ел ішінде жүрген азаматтар, елдің болашағын ойлайтын азаматтар ойланатын, сабырға тоқтайтын кез келді, -дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар, ол Президент өте дұрыс бағыт ұстанып отыр деп есептейді.

Президенттің сөзіне тоқтап, қолдауымыз керек. Еліміздегі ең батыл, ең сапалы шешім қабылдайтын бір ғана институт қалды қазір. Ол – Президент. Президенттің жанына топтасуымыз керек. Қажет болса, қолымызға қару алып біз де көшеге шығуға әзірміз. Елімізде тәртіпке қарсы, мемлекетке қарсы, конституциялық бағытқа қарсы шығып жатқан азаматтар өздерін көпшілікпіз деп ойламасын. Көпшілік – бізбіз. Жағдайдың қалай болатынын біз шешеміз. Соны ескерсін, - деп түйіндеді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы