Саясат Нұрбек студенттерге арналған жатақханалардың дайындығын тексерді

20 Тамыз 2023, 06:29
928
Бөлісу:
Саясат Нұрбек студенттерге арналған жатақханалардың дайындығын тексерді
Фото: gov.kz

Алматыда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы мәселелері және студенттердің жатақханаларда жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Саясат Нұрбек жатақханаларда орын жетіспейтін студенттердің үлесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, Жастар саясаты басқармасының өкілдерін еліміздегі ең көп жоғары оқу орны шоғырланған қалада осы мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдауға шақырды.

Қазіргі уақытта басты назарды студенттерді, әсіресе бірінші курс студенттерін баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге аудару керек, өйткені олар үшін өмірдің мүлдем жаңа кезеңі басталады. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент жатақханасыз қалмауы керек. Жайлы тұрғын үй барлық азаматтар үшін, әсіресе өз үйінен жырақта жүрген жастар үшін маңызды. Біздің міндетіміз – әр студенттің басқа мәселелерге алаңдамай, өз оқуына көңіл бөлуіне жағдай жасау. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент баспанасыз қалмауы үшін инвестиция тартып, тиімді бағдарламалар әзірлеуге күш саламыз. Бірлескен күш-жігер арқылы біз жастарымыздың дамуына және алға қойған мақсаттарына жетуіне лайықты жағдай жасай алатынымызға сенімдімін, - деді Саясат Нұрбек.

Сапар барысында министр жатақханалардың жай-күйі мен дайындығын бағалау үшін Алматының бірқатар жоғары оқу орнында болды. Университет басшыларымен кездесіп, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде студенттердің жайлы ортада өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау – жоғары оқу орындары үшін басты басымдықтардың бірі екені айтылды. 

Саясат Нұрбек жатақханамен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту үшін заманауи технологияларды енгізуді ұсынды. Бұл білім сапасын арттырып қана қоймай, студенттердің инновациялық ортаға бейімделуін жеңілдетеді. Министр сонымен қатар университеттер мен студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етумен айналысатын ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Бірлескен күш арқылы ғана бұл мәселені шешуге және студенттердің оқуы мен өмір сүруіне оңтайлы жағдай жасауға болатынын атап өтті. Саясат Нұрбек министрлік жоғары оқу орындарына студенттерді баспанамен қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелерді шешуге белсенді түрде қолдау көрететіндігін айтты.

Министрліктің тапсырмасы аясында студенттер мен ата-аналарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық жоғары оқу орындарында ахуалдық орталықтар мен call-орталықтары құрылып, жедел желілер іске қосылғанын атап өту қажет. Биылғы жылы жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар университеттердің жаңа студенттерді қабылдауға дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Жатақханада тұратын студенттердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ орын тапшылығы мәселелерін шешу үшін барлық шаралар қабылдануда.

Өзгелердің жаңалығы