Саясат Нұрбек ШЫҰ өкілдерімен кездесті

23 Шілде 2023, 11:41
580
Бөлісу:
Саясат Нұрбек ШЫҰ өкілдерімен кездесті
Фото: gov.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) орталығының өкілдерімен кездесіп, ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қаралды. Атап айтқанда, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, медицина және жасанды интеллект сияқты алты негізгі бағытта бірлескен зертханалар, ғылыми-технологиялық жобалар мен білім беру бағдарламаларын құру мәселелері қарастырылды.

ШЫҰ орталығы төрағасының орынбасары Liu Hongzhi және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директор Hu Lili Қытайдың жетекші жоғары оқу орындары мен қазақстандық оқу орындары арасында әріптестік қатынастар орнатуға қызығушылық білдірді.

Министр Саясат Нұрбек білім, тәжірибе және озық технологиялармен алмасу мақсатында ШЫҰ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады. Сондай-ақ, Қазақстанда жоғары білім мен ғылыми зерттеулерді дамытудың маңыздылығын атап өтіп, елімізде Ұлыбритания, Германия, АҚШ және Қытай университеттерінің филиалдарын құруда Министрліктің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмысының оң нәтижелерін айтты.

Кездесу нәтижесінде сындарлы диалогты жалғастыру және тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін практикалық шешімдер әзірлеу туралы өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы