Сәтбаев университеті жаңа студенттік жатақхана құрылысының іргетасын қалады

30 Қараша 2024, 00:35
399
Бөлісу:
Сәтбаев университеті жаңа студенттік жатақхана құрылысының іргетасын қалады
Фото: gov.kz

Сәтбаев университетінде оқу ордасының 90 жылдық мерейтойына орайластырып, жаңа студенттер жатақханасы құрылысының басталуына орай болашақ ұрпаққа жолдау жазылған іргетас капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз 955 орындық 9 қабатты жаңа жатақхананың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, 2026 жылы студенттер бізден кілт алып, қоныстана алады, – деді Сәтбаев университеті Құрылыс департаментінің директоры Ришат Тыныбеков.

Жаңа жатақхана "Қаржы орталығы" АҚ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан "Бес әлеуметтік бастама" атты мемлекеттік бағдарлама негізінде студенттерді жаңа жатақханалардағы орынмен қамтамасыз ету аясында салынады. Жобаны инвестор «Forum Invest» және "EPC Stroy Group" құрылыс компаниясы 100% қаржыландырады, бұл құрылыс қазірдің өзінде Алматы қаласының қала құрылысы кеңесімен мақұлданған.

Сәтбаев университеті жаңа студенттік жатақхана құрылысының іргетасын қалады

"EPC Stroy Group" компаниясының басшысы Ерлан Қожықов өз сөзінде компанияның Сәтбаев университетімен жұмыс істеуге қуанышты екенін, бұл олардың ел болашағына қосқан үлесі екенін баса айтты:

Біз болашақ инженерлерімізге жақсы білім алуға қолайлы жағдай жасау үшін инвестиция салуға дайынбыз. Біз құрылыста экологиялық таза және энергияны үнемдейтін материалдарды қолданамыз, сейсмикалық төзімділік бойынша барлық заңнамалық нормаларды сақтаймыз және жатақхананы 2026 жылдың ақпан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Қожықов.

Іс-шараға жобаға қатысушы барлық жеті тараптың өкілдері қатысты: университеттің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, профессор Ұлықпан Сыдықов, университеттің Ақсақалдар кеңесі мен Ректорлар кеңесінен профессор Әбдіғаппар Әшімов, Алматы қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек, "Қаржы орталығы" АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Ұлан Өтебаев, "EPC Stroy Group" компаниясынан Динара Байымбетова және оқытушылар мен студенттер қатысты.

Қазақ халқында "жеті"деген қасиетті сан бар. Бұл іргетасты жеті түрлі ұйымның өкілдері салғанына назар аударыңыздар. Олардың әрқайсысы осы студенттік жатақхана өте маңызды екенін түсінеді. Ендеше бүгінгі жұмысымыз жемісін беріп, жаңа жатақхана "Дос-Мұқасан" ізбасарлары өсіп-өркендейтін құтты мекенге айналсын, – деді Ұлықпан Сыдықов өз сөзінде.

Уақыт капсуласын салу Сәтбаев университетінің және оның инфрақұрылымының дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдірді. Жаңа жатақхана студенттерге қолайлы жағдай жасайды және Сәтбаев университетінің Қазақстандағы инновациялық және техникалық білім берудің жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға көмектеседі.

Өзгелердің жаңалығы