Сатаев Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорына барды

1 Шілде 2022, 12:36
1135
Бөлісу:
Сатаев Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев Мәскеу облысы Домодедово қаласы Белые Столбы ықшамауданында орналасқан Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорына барып, оның бас директоры Роман Чистяковпен кездесті.

Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кездесу барысында Ақан Сатаевқа экскурсия ұйымдастырылып, әлемдегі ең ірі үш кино қоры ретінде Гинесстің рекордтар кітабына енген Мемлекеттік қордың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен тарихымен таныстырды. Одан бөлек, «Қазақфильмнің» президенті фильмдердің пленкалы және сандық нұсқаның қайта өңдеу процесін көріп, пленкалар мен сандық нұсқалардың қорын аралап қайтты.

Достық рәуіште өткен кездесудің соңында екі жақ жоспарларымен бөлісіп, ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.

Естеріңізге сала кетсек, КСРО кезінде Кеңес Одағы республикаларында түсірілген фильмдердің бастапқы материалдары - түпнұсқалары, сол кезде белгіленген киноөндіріс алгоритмі бойынша Мәскеу облысында орналасқан Ресейдің Мемлекеттік кино қорына сақтау үшін берілген. Бүгінгі күні бұл қорда кеңес заманында түсірілген 361 қазақстандық фильмнің (көркем, деректі және анимациялық) түпнұсқалары сақталған.

Өзгелердің жаңалығы