Қорғалжын ауданының Сарыкөл көліндегі қамыстың өртенуі оқшауланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін, 17 маусым күні сағат 15.00-де «Қорғалжын қорығы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан Сарыкөл көліндегі қамыстың өртенуі оқшауланды.
Барлық 8 өрт ошағының 7-і жойылды. Қазіргі уақытта қарауылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, - делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге 23 техника, 78 адам, 2 жүзу құралы және "Қазавиақұтқару" АҚ-ның су төгетін құрылғылары бар 2 тікұшағы тартылды (тікұшақтарды тарту 3 мың га болатын аумақтың батпақты жер мен кірме жолдардың болмауына байланысты).
Барлығы 288 тонна көлемінде 96 су ағызу жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен бірнеше рет жедел штаб отырыстары өткізілген. Сондай-ақ, жергілікті жерде Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев пен Ақмола облысы ТЖ департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Атығаевтың басшылығымен аудандық жедел штаб құрылған.