Түркістан облысындағы Сарыағаш қаласын айналып өтетін жолдың құрылысы жалғасып жатыр. Ұзындығы 102 шақырым болатын жаңа жол қала ішіндегі көлік жүктемесін азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға арналған.
Жол Іа техникалық санатына сай төрт жолақты болып салынады. Жобаны 2026–2030 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Қазір құрылысқа 470 маман мен 326 техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін 1,26 млн текше метрден астам жер төсемі салынды. 36 шақырымдық учаскеде топырақтың құнарлы қабаты алынған.
Сонымен қатар су өткізу құбырлары орнатылып, ауыл шаруашылығы техникасына арналған өткелдер салынып жатыр. Өндірістік базалар мен вахталық қалашықтарды дайындау жұмыстары да жүріп жатыр.
Жоба екі учаскеге бөлінген. Ұзындығы 55 шақырым болатын бірінші учаскеде жобалау жұмыстары 71 пайызға, ал 47,6 шақырымдық екінші учаскеде 60 пайызға орындалған.
Жалпы жоба аясында сегіз жол айрығы, 22 көпір, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 21 өткел және 223 су өткізу құбыры салынады.
Жол пайдалануға берілген соң транзиттік көліктер Сарыағашқа кірмей өте алады. Бұл қала көшелеріндегі көлік ағынын азайтып, халықаралық және өңіраралық бағыттардағы қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.