Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот Санжар Боқаевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкімді Алматының Алмалы аудандық соты шығарды. Судья Жанат Әбенова белсендіні Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша кінәлі деп таныды: алаяқтық, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу. Боқаевпен бірге бір эпизод бойынша айыпталған оның жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Оған Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша, атап айтқанда, алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау») және 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») бойынша тергелді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратқан деген күдікке ілінді. Әңгіме әлеуметтік желілерде жарияланған саябақтардағы ағаштардың заңсыз кесілуі және құрылыс нысандарындағы ұрлық туралы бейнежазбаларға қатысты. Тергеу органдары бұл құқық бұзушылықтарды Боқаевтың өзі ұйымдастырған деп есептейді.
«Тергеу деректеріне сәйкес, Боқаев табысы төмен адамдарды тартып, қылмыстарды ұйымдастырған және қаржыландырған. Ол оларға ақшалай сыйақы үшін ағаш кесуді және мүлік ұрлауды тапсырған», – деп хабарлаған еді құқық қорғау органдары Боқаев ұсталғаннан кейін.
Бұған дейін, 26 қарашада өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал Боқаев өзіне тағылған айыптармен келіспеді.
Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда Алматыда ұсталған. Қылмыстық іс аясында оның жиені Мадияр Қалменов пен бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап берді. Санжар Боқаев әлеуметтік желілерде Алматыдағы құрылыс, абаттандыру және қала инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген қоғам белсендісі ретінде танылған. Сот процесі 16 қазанда басталған.