Үйді 20 жылға дейін жалдап, кейін сатып алуға болатын бағдарлама басталды: Кім қатыса алады?

26 Қараша 2026, 10:40
АВТОР
 pixabay 26 Қараша 2026, 10:40
26 Қараша 2026, 10:40
217
Фото: pixabay

Алматы облысында 25 қарашадан бастап сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үйге өтінім қабылдау басталды. Бұл жолы баспанаға мұқтаж азаматтарға өңірдің бес ауданынан 81 тұрғын үй ұсынылады. Өтінімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Отбасы банк» мәліметінше, үміткерлерге екі және үш бөлмелі пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер беріледі. Баспана нысандарының басым бөлігі Іле ауданында орналасқан.

Тұрғын үйлер аудандар бойынша мынадай тәртіппен бөлінген:

  • Іле ауданы – 43 нысан, ауданы 93 шаршы метрге дейін;
  • Кеген ауданы – 18 нысан, ауданы 68 шаршы метрге дейін;
  • Райымбек ауданы – 17 нысан, ауданы 72,6 шаршы метрге дейін;
  • Талғар ауданы – 2 нысан, ауданы 93 шаршы метрге дейін;
  • Қарасай ауданы – 1 нысан, ауданы 85,9 шаршы метр.

Бағдарлама 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Қазақстанның тұрғын үй компаниясы мен «Отбасы банк» бірлесіп жүзеге асырып жатыр, - деп жазды homsters.kz.

Баспана қандай шартпен беріледі?

Бағдарлама бойынша тұрғын үйді бастапқы жарнасыз алуға болады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 3,1 пайыз, жалдау мерзімі – 20 жылға дейін. Өтінімді қарау үшін комиссия алынбайды.

Ай сайынғы төлем аннуитеттік әдіспен есептеледі, яғни төлем сомасы жалдау мерзімі ішінде бірдей болады. Тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алуға да мүмкіндік бар. Ол үшін баспананың қалған құнын төлеу қажет.

Коммуналдық қызметтер мен мүлік салығы ай сайынғы төлемге кірмейді. Оларды тұрғын бөлек төлейді. Ұсынылған үйлердің нақты бағасы хабарландыруда көрсетілмеген.

Кімдер өтінім бере алады?

Бағдарламаға Алматы облысында тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекте тұрған Қазақстан азаматтары мен қандастар қатыса алады.

Үміткерлер төлем қабілетін растауы керек. Сонымен қатар жалдау шарты аяқталған кезде олардың жасы зейнет жасынан аспауы тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда кепілгер тарту қажет.

Тұрғын үй кезегіндегі мәртебені Orken тұрғын үй порталы арқылы тексеруге болады.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімдер 25 қарашадан 1 желтоқсанға дейін Baspana Market тұрғын үй порталында қабылданады.

Қатысу үшін:

  1. «Отбасы банктің» ресми сайтына кіру;
  2. Жеке кабинетке кіру;
  3. Қажетті аудан бойынша жарияланған хабарландыруды табу;
  4. Тұрғын үйдің сипаттамасы мен бағдарлама талаптарымен танысу;
  5. Өтінім жіберу қажет.

Іріктеу қорытындысы 2 желтоқсанда жарияланады. Үміткерлер тізімін жасауда тұрғын үй кезегіне қойылған күн ескеріледі. Егер бірнеше азамат бір күнде кезекке тіркелсе, өтінімді ертерек берген адамға басымдық беріледі.

Іріктеуден өткен азаматтар тиісті хабарлама алғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде Тұрғын үй порталы арқылы құжаттарын тапсыруы керек.

Құжаттар тексеріліп, төлем қабілеті мақұлданған соң үміткер тұрғын үйді брондап, оны көріп, кейін сатып алу құқығымен жалдау шартын жасай алады.

Наверх