«Самұрық-Қазына» қорын реформалау  жүргізіліп жатыр - Экономика министрлігі

15 Шілде 2022, 15:41
933
Бөлісу:
«Самұрық-Қазына» қорын реформалау  жүргізіліп жатыр - Экономика министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді. 

Айтуынша, министрлікке газ жобалары бойынша фискалдық преференциялар мәселесін пысықтау тапсырылған. 

Осы мәселе бойынша Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу шеңберінде негізгі тәсілдер әзірленді. Аталған тәсілдерге сәйкес, инвестициялар толық өтелген кезеңге дейін корпоративтік табыс салығынан, экспорттық кедендік баждан босату бойынша преференциялар, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салықтың преференциялық режимін қолдану құқығы алға тартылды. Бұл ретте қарсы міндеттемелер ретінде өндірілген газды ішкі нарыққа жіберу, инвестициялардың мәлімделген көлемдерін салуды қамтамасыз ету, әлеуметтік пакет ұсына отырып, «қазақстандық» кадрларды жұмысқа орналастыру ұсынылады, - деп атап өтті вице-министр. 

Сондай-ақ ол қандай реформалар қолға алынатынына тоқталды. 

Квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы бағыт бойынша мемлекет қатысуының нақты өлшемі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа сыныптамасы, корпоративтік басқарудың жаңа ұйымдастырушылық нысандары мен модельдері айқындалатын болады. 

«Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестициялауға баса назар аударып, қайта қаралады. Қор активтерін нарыққа шығару процестері жеделдетіледі, - деді Тимур Жақсылықов. 

Мұндай әдіс тиімділігі жоғары, жинақы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді деп отыр. 

Өзгелердің жаңалығы