«Самұрық-Қазына»: 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты - Ауғанов

26 Қаңтар 2023, 11:26
1097
Бөлісу:
«Самұрық-Қазына»: 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты - Ауғанов
Фото: informburo.kz

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов компаниядағы ауқымды өзгерістер туралы мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Ғибрат Ауғановтың айтуынша, былтырғы жыл Қор басшылығындағы ауқымды өзгерістермен басталды. Топ-менеджерлердің саны екі есе қысқарып, бес басқарушы директордың үшеуі ауысты.

Кадр саясаты көпшілікті алаңдатады. Бүгінгі таңда 3 басқарушы директор Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. Оның ішінде менде бар. Сонымен бірге бір жылдың ішінде Қор тобындағы 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалды. Олар – «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу», - деді Ауғанов баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар  «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры басшылық қызметке қазақстандық мамандарды тағайындау бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Бір жыл ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты. Олардың қатарында «Qazaq Air» мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші басшылары, сонымен қатар  «Air Astana» әуе компаниясының вице-президенті бар. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып келеді. Бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға, яғни 40 пайызға қысқарды, - деді Ғибрат Ауғанов. 

Өзгелердің жаңалығы