Саиров: Әйелдің әйел, еркектің еркек болғанын қалаймын

10 Наурыз 2021, 13:14
2796
Бөлісу:
Саиров: Әйелдің әйел, еркектің еркек болғанын қалаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақкүлек. Алтын. Болпанай. Байдалы. Қаракемпір. Қызай. Мұрын. Тасбике. Қазақ руларының әйел аттары. Тізе беруге болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Түркіде, қазақта патриархалдық тәртіп болған, еркек руды басқарған.

Неліктен? Табиғат өте қатал, заман қатал. Елді сақтау керек. Дегенмен әйелдің рөлі (жоғары емес) бөлек және сыйлы болған. Қазақ бекерден бекер рудың атын әйел атына өзгертпейді. Ақыл, адалдық, кішіпейілділік, келген жұртына адал қызмет ету. Әйелді кемсіту болған ба? Болған шығар, әдеби кітап жәй шықпайды. Бірақ жаппай әйел күң болды деу артық болар. Әр пенденің өз орны болған, - деп жазды Саиров.

Ол қазақтан қаншама батыр әйел шыққанын атап өтті.

Әрине бүгінгі технология, дүниетаным бойынша ерес болып көрінуі ықтимал. Менің ойымша, түркі, қазаққа феминизм (өзгеше) табиғатынан тән. Қазақтан қаншама батыр әйел шықты. Ол да рас, - деп түйіндеді саясаттанушы.

Депутаттың сөзінше, жалпы дәстүрлі ( ошақ, ұрпақ, жанұя, таным) дүниетаным өзгеріске ұшыраған.

Бұл дұрыс па, бұрыс па? Тарих көрсетеді. Мен өзім әйелдің әйел болғанын, еркектің еркек болғанын қалаймын. Бұл әйелді кемсіту, бұрышқа қою, зорлық көрсету емес. Зорлық-зомбылыққа қарсы жазалауды күшейту керек! Бұл аксиома! Әйел табиғаты ұрпақ тәрбиелеу, адам болашағын қамтамасыз ету. Жұмыс істейді, министр болады, космосқа ұшады. Машина айдайды, ұшақ ұшырады. Өте дұрыс және жақсы! Бірақ әйелдің адамзатты толтыру, болашақ адам келтіру басты функциясы бар. Еркекке бергісіз жауапкершілік! Дәстүрлі, ұлттық код дегеніміз осы, - деді Саиров.

Өзгелердің жаңалығы