Алматыда Саин көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 60 шақырымға дейін төмендетілді. Бұл тәжірибе әзірге пилоттық жоба ретінде енгізілген. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа шектеу Саин көшесінің Төле би көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі аралығында екі бағытта да қолданысқа енгізілген.
Саин көшесінің Төле би мен Рысқұлов аралығындағы бөлігінде екі бағыт бойынша пилоттық режимде жаңа тәжірибе енгізілді. Бұл жерде көлік қозғалысының ең жоғары жылдамдығы сағатына 60 шақырым болып белгіленді, – деді Салтанат Әзірбек.
Полиция өкілінің сөзінше, мұндай шектеуді әзірге қаланың басқа көшелеріне, оның ішінде Әл-Фараби даңғылына енгізу жоспарланып отырған жоқ.
Қазір бұл тәжірибені жаппай енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Алдымен нақты бір учаскеде оның тиімділігі сыналады. Біз мұндай шешімдерді жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерді талдау негізінде қабылдаймыз, – деді ол.
Ведомствоның мәліметінше, жылдамдықты төмендетудің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жол қауіпсіздігін арттыру.
Пилоттық жоба қорытындыланғанға дейін қаланың басқа жол учаскелеріндегі жылдамдық режимі өзгеріссіз қалады.
Еске салайық, биыл әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам қаза тапқан еді. Іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшіліктің назарын аударған еді. Биыл 22 маусымда күдікті Александр Пакқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 10 жылға сотталды және жүргізу куәлігінен өмір бойына айырылды.