Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатында күдікті деп танылған Александр Пакқа қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкімі бойынша Пак 10 жылға сотталды.
Александр Пак Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сот шешімімен Рүстембек Шотеновтың пайдасына моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндірілсін, - деді судья.
Еске салайық, бұған дейінгі сот процесінде тағы бір жәбірленуші пайда болды. Ол жол апатында қаза тапқан Томиристің әкесі. Судья оны жәбірленуші деп тану туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.
Ол күдікті Пакқа кешірім бермейтінін мәлімдеген еді.
Сот отырысында прокурор Әлібек Күмісбеков те күдікті Александр Пакты 10 жылға соттауды сұраған болатын.
Бүгін, яғни 22 маусымда түске дейін өткен сот отырысында күдікті Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты.
Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні болды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалды.