Иран стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазының жұмысын қайта бастау үшін бірқатар қатаң талап қойды. Тегеран АҚШ Иранға қатысты саясатын өзгертпейінше бұғазды ашпайтынын мәлімдеді.
The Guardian таратқан ақпаратқа сәйкес, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі АҚШ «өз әрекетін түзетпейінше» Ормуз бұғазы жабық күйінде қалатынын хабарлады. Кеңес хатшысы Мохаммад Багер Зольгадр Иранға төнетін қауіп-қатерді, сондай-ақ елге және оның аймақтағы қарулы одақтастарына қарсы соғысты тоқтатуды талап етті.
Тегеранның талаптары мұнымен шектелмейді. Иран АҚШ-тан ел порттарына қойылған әскери-теңіз блокадасын алып тастауды, аймақтағы әскерін шығаруды, соғыстан келген шығынды өтеуді, санкцияларды жоюды және бұғатталған ирандық активтерді ешқандай шартсыз босатуды талап етіп отыр.
Вашингтон әзірге бұл талаптарға қатысты пікір білдірген жоқ. Маусымда жасалған уақытша келісімге сәйкес, түпкілікті құжатта санкцияларды алып тастау кестесі мен келтірілген шығынды өтеу тетігі қарастырылуы тиіс. Тараптар бұғатталған Иран активтерінің тағдырын да талқылауы керек.
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің айтуынша, тараптар кеме қатынасына, соның ішінде транзиттік бағытты белгілеуге қатысты келісімге жақындаған. Алайда бұғаздың ашылуы басқа талаптардың орындалуына байланысты. Арагчи АҚШ-ты уақытша келісімді бұзды деп айыптады.
Келіссөздерге арағайын болып отырған Оман тарапы талқылаулардың «оң әрі сындарлы жағдайда» жалғасып жатқанын хабарлап, кемелерге жасалған шабуылдарды айыптады.
Қазір Иран бұғазды іс жүзінде бұғаттап, одан өтетін кемелерден ақы алуға ұмтылып отыр. АҚШ Иранның мұндай алым енгізуіне қарсы. Дегенмен маусымдағы келісім Тегеран мен Оманға бұғазды «болашақта басқару» тәртібін келісуге мүмкіндік береді.
Түпкілікті келісімге келу үшін белгіленген 60 күндік мерзімнің аяқталуына бір аптадан сәл астам уақыт қалды. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Иран Оманмен Ормуз бұғазын басқаруға қатысты жеке келісімге де жақындағанын мәлімдеді.
Иран президенті Масуд Пезешкиан қазір келісімге келуге қолайлы кезең туғанын айтты. Оның сөзінше, ел ішінде «ауызбіршілік, күш пен бірлік» сақталып отыр және Иран соғыстан жеңімпаз болып шыққан.
Ормуз бұғазындағы жалғасып жатқан шабуылдар сәуірдегі бітімнің бұзылуына әкелді. Осыдан кейін арағайын елдер тараптарды маусымдағы меморандум талаптарына қайта оралуға шақырды.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай мен табиғи газ тасымалы үшін аса маңызды бағыт саналады. Соғысқа дейін ол халықаралық су жолы ретінде пайдаланылып келген. Қазір бұғаз арқылы өтетін кемелер саны әлі де аз.