Сәтбаевта жас ақындардың халықаралық айтысы өтті

3 Желтоқсан 2019, 13:17
5518
Бөлісу:
Сәтбаевта жас ақындардың халықаралық айтысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәтбаев қаласында "Ұлы дала үні" атты Халықаралық жас ақындар айтысы өтті. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шара екі күн бойы жалғасып, Жастар жылы мен Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына орайластырылды. 

Жарысқа Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның түрлі облыстарынан 18 айтыскер қатысты. Қатысушылардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман басқаратын қазылар алқасы бағалады. Ақындар додасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді. 

Сәтбаев қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын айтыс биыл бесінші рет өткізіледі. Осы жылы ол алғаш рет басқа елдерден қатысушыларды жинап, халықаралық деңгейде өтті. 

Өнер көрсеткен айтыскерлердің ешқайсысы да марапатсыз қалған жоқ. Құрметті 3 орын мен 150 мың теңге ақшалай сыйлықты павлодарлық Нұрқанат Қайрат пен Жаңаарқа ауданының ақыны Сырым Бейсенбек иеленді. 2 орын және 300 мың теңге ақшалай сертификат жас ақын, Сәтбаев қаласының тұрғыны Абзал Мақашқа берілді. Қазылар алқасы 1 орын мен жарты миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты Шығыс Қазақстанның айтыскеріне Жұлдызай Маратбекке табыстады.

1-Халықаралық айтыстың Гран-приі мен бас жүлдесі Тараз қаласынан келген Қанат Мырзаханға бұйырды. Қалған қатысушылар әр түрлі номинациялар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.


Өзгелердің жаңалығы