Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін әлемнің үздік теннисшілері арасындағы позициясын одан әрі нығайтты. Қазақстандық теннисші мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алып, WTA рейтингінде көш бастады және чемпиондық жарыстағы басымдығын күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакина үшін «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші чемпиондығы болды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдонды және 2026 жылы Australian Open турнирін жеңіп алған.
Үш титулының арқасында Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінде ең көп жеңіске жеткен теннисшілер арасында үздік бестікке кірді.
US Open-2026 финалында Қазақстан өкілі Арина Соболенконы үш сетте жеңді. Турнир қорытындысы бойынша Рыбакина мансабында алғаш рет жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Рыбакина чемпиондық жарыста да көш бастап тұр
US Open турнирінен кейін қазақстандық теннисші WTA чемпиондық жарысында да көшбасшылығын күшейтті. Оның еншісінде 7 492 ұпай бар.
Екінші орында – Арина Соболенко, оның қоржынында 6 485 ұпай. Үшінші орынға америкалық Джессика Пегула көтерілді – 5 825 ұпай.
Кори Гауфф 5 654 ұпаймен төртінші орында тұр. Ал Мирра Андреева 5 614 ұпаймен бесінші орынға түсті.
Соболенко Рыбакинаны құттықтады
Финалдағы жеңілістен кейін Арина Соболенко әлеуметтік желідегі парақшасында Рыбакинаға қолдау білдіріп, оның жоғары деңгейдегі ойынын атап өтті.
Мен армандаған финал болған жоқ… Бүгін ауыр тиіп тұр, бірақ ертең бәрін қайта бастаймыз. Елена Рыбакинаны керемет турнирі және кеше түндегі тамаша ойыны үшін құттықтаймын. Бұл – жай ғана керемет теннис, – деп жазды Соболенко.
Беларусь теннисшісі Нью-Йорктегі жанкүйерлерге де алғысын білдіріп, келесі жылы US Open турниріне жеңіске деген бұрынғыдан да зор ынтамен оралатынын айтты.
Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының әлемдік рейтингінде көш бастады. 14 қыркүйекте Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Бұл – қазақстандық теннис тарихындағы айтулы жетістік.
Осы орайда Мемлекет басшысы теннисшіні «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады.