Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Рыбакина Қазақстан тарихында әлемдік рейтингті басқарған тұңғыш теннисші атанды.

 Қазақстан теннис федерациясы 10 Қыркүйек 2026, 03:30
10 Қыркүйек 2026, 03:30
64
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Қазақстандық спортшы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының әлемдік рейтингінде көш бастады. Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген.
 
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі жазды.
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін бірінші орынға көтерілді. WTA-ның live-рейтингінде Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкодан озып, тізімнің жаңа көшбасшысы атанды.

Бұл нәтиже Қазақстан спорты үшін тарихи жетістік болды. Рыбакина жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған еліміздің тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін Қазақстан спортшыларының ешқайсысы – әйелдер арасында да, ерлер арасында да бірінші орынға көтерілмеген.

WTA рейтингіндегі көшбасшылық Елена Рыбакинаның мансабындағы ірі жетістіктердің қатарын толықтырды. Қазір оның еншісінде жекелей сында WTA турнирлерінде жеңіп алған 13 титул бар.

Қазақстандық теннисші «Үлкен дулыға» турнирлерінде екі рет жеңіске жеткен. Ол осы санаттағы алғашқы титулын 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылы Рыбакина Australian Open чемпионы атанды.

Оның мансабындағы тағы бір маңызды жеңіс – 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі триумф. Қазақстандық спортшы жарысты бірде-бір рет жеңілмей аяқтап, бес матчтың барлығында жеңіске жетті. Финалда ол сол кезде әлемдік рейтингтің бірінші сатысында тұрған Арина Соболенконы жеңді.

Рыбакинаның еншісінде WTA 1000 санатындағы екі титул да бар. Ол екі жеңісіне де 2023 жылы – Индиан-Уэллс пен Римдегі турнирлерде қол жеткізді. Сонымен қатар қазақстандық теннисші WTA 500 турнирлерінде алты рет жеңіске жетіп, WTA 250 санатындағы жарыстарда екі рет чемпион атанды.

Елена Рыбакина кәсіпқой турдағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алды. Содан бері ол турдағы ең перспективалы теннисшілердің бірінен «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасына дейінгі жолдан өтті.

Елена Рыбакинаның жетістігіне Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов пікір білдірді.

Бұл жетістіктің артында Елена мен оның бүкіл командасының орасан зор еңбегі, таланты, мінезінің беріктігі және көпжылдық мақсаткерлігі тұр. Бұл – миллиондаған қазақстандықты біріктіріп, жігерлендіретін жеңіс. Бүгінгі жетістік әрбір жанкүйеріміз үшін ерекше сәтке айналып, спорттағы жолын енді бастаған мыңдаған балаға үлгі болады деп сенемін. Елена Қазақстан өкілі әлемдегі ең үздік бола алатынын дәлелдеді. Бұл – еліміз үшін зор мақтаныш әрі Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтатын жетістік. Қазақстан теннис федерациясының атынан барша қазақстандықты осы айтулы тарихи жетістікпен құттықтаймын! – деді Болат Өтемұратов.

Қазақстан теннис федерациясы Рыбакинаның жаңа жетістігінің отандық спорт үшін маңызына да тоқталды.

Еленаның жетістігі теннистің дамуы мен танымалдығына жаңа серпін бере алады. Мұндай жеңістер мен жетістіктер балаларды спортпен айналысуға жігерлендіреді, тенниске деген қызығушылықтың артуына және Қазақстан туы астында әлемнің бірінші ракеткасының жетістігін қайталауға ұмтылатын жаңа буын ойыншыларының қалыптасуына ықпал етеді, – деп мәлімдеді федерация өкілдері.

WTA рейтингінің ресми жаңартылған нұсқасы дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланады.

Наверх