Нью-Делиде БРИКС XVIII саммиті өтіп жатыр. Саммит аясында ұйымдастырылған BRICS Bazaar алаңының кіреберісінде келушілерді түрлі елдердің дәстүрлі қолөнерін біріктірген көркем композиция қарсы алады. Композицияның ортасында тоқылған шар орналасқан. Ондағы ұлттық өрнектердің қатарында қазақтың кестеленген тұскиізінен алынған элементтер де бар. Композицияны әзірлеушілер BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қазақтың тұскиізіндегі түпнұсқа өрнектерден шабыт алғанын айтты.
Көркем композицияның ортасындағы тоқылған шардан ағаштың бұтақтары немесе күн сәулесі тәрізді дәстүрлі тоқыма жолақтары жан-жаққа тарайды. Әрбір жолақ БРИКС-ке қатысушы елдердің бірін бейнелеп, сол елге тән түстерді, өрнектер мен тоқу дәстүрлерін көрсетеді.
Бұл туралы жобаны әзірлеуге қатысқан Үндістанның Ұлттық сән технологиялары институтының (NIFT) директоры, доктор Самир Суд айтты.
Авторлардың айтуынша, композицияның негізгі идеясы төзімділік, ынтымақтастық және тұрақты даму ұғымдарына негізделген. Инсталляция арқылы әртүрлі мәдениеттердің ортақ құндылықтары мен дәстүрлерін көрсету көзделген.
Біз осы елдердің қолөнер дәстүрлерін және төзімділік, ынтымақтастық пен тұрақты даму идеяларын негізге алдық. Бұл қолөнер туындылары ынтымақтастық рухын бейнелейтінін және тұрақты тәжірибелерге негізделгенін көрсеткіміз келді, - дейді доктор Самир Суд.
Қазақстанға қатысты композиция қазақтың дәстүрлі тұскиіз өнерінен шабыттанған.
Қазақстанға қатысты кестеленген, қабырғаға ілетін тұскиіз бар. Бұл қолөнер туындысы тұскиіз өнерінен шабыттанған. Мұнда тұскиіздегі түпнұсқа өрнектер негізге алынды, - дейді доктор Самир Суд.
Оның айтуынша, жобаны әзірлеу барысында БРИКС-ке қатысушы және шақырылған елдердің дәстүрлі қолөнері зерттелген. Әр елдің қолөнерінен 5-6 түрі алдын ала іріктеліп, кейін олардың ішінен біреуі таңдалған.
Қолөнердің барлық түріне қатысты көп зерттеу жүргіздік. Алдымен бірнеше нұсқаны іріктеп, кейін әр ел үшін бір қолөнер түрін таңдадық, - дейді NIFT директоры.
Жобаны жасауға шамамен 30 күн уақыт кеткен. Зерттеу барысында қолөнер түрлері екінші деңгейлі дереккөздер негізінде қарастырылған.
Жобаның жалпы іріктеуі мен композициясын Үндістанның Ұлттық сән технологиялары институтының командасы жүзеге асырған.
Самир Судтың айтуынша, жоба арқылы БРИКС-ке қатысушы және шақырылған елдердің қолөнеріндегі ұқсастықтар мен мәдени байланыстарды көрсету де көзделген.
Мемлекеттердің саяси шекаралары мыңдаған жыл бұрын ғана пайда болды. Ал оған дейін барлық халық негізінен біртұтас еді. Біз сондай-ақ “Бір әлем. Бір отбасы. Бір болашақ” деген идеяны жеткізгіміз келді, - дейді Самир Суд.