Рейтингі төмен курьерлерге тапсырыс шалғай аудандарға беріледі - курьер

19 Желтоқсан 2023, 10:23
531
Бөлісу:
Рейтингі төмен курьерлерге тапсырыс шалғай аудандарға беріледі - курьер
Фото: автордан

Алматы көшелерінде әрі-бері сабылған курьерлерді жиі көруге болады. Бірі тағам тасыса, енді бірі тауар жеткізеді. Осы саланың арқасында қазір, үйімізге тапсырыс беріп, еш алаңсыз күй кешетін уақытқа жеттік. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі курьер Тимур Бегеевпен әңгімелескен еді.  

- Курьерлік қызметке қалай келдіңіз? Бұл сала өзіңізге ұнай ма? 

- Менің негізгі мамандығым - есепші. Бұл мамандығым көңілімнен шықпағандықтан, әртүрлі бағытта өзімді сынап көрдім. Осылайша курьерлік қызметке келгеніме 2 жылдай уақыт болыпты. Карантин кезінде курьерлік қызметке сұраныс жоғары болды. Оған дейін жеткізу қызметіне сұраныс аз еді. Осылайша тұрғындардың сұранысымен жеткізу қызметі әр салада дамыды. Халықтың мәдениеті артып, кешіккен сәтте түсіністікпен қарай бастаған. Бұл салада тапсырысты қабылдауды өзің шешесің. Айналасы 2 сағаттың ішінде жеткізіп берсең болғаны. Өзіңнің еңбегіңе сай қаржы таба аласың деп айтар едім. Маған бұл жердегі қызметкерлердің бір-біріне деген достық қарым-қатынасы ұнайды, көшеде бір-біріңмен амандасып жүру корпоратив этикасының бір бөлігіне жатады. Велосипедпен қастарынан өтіп бара жатқанда әріптестеріңе сигнал бересің, олар да саған дәл солай жауап қайтарады.

- Күніне қанша тапсырыс қабылдайсыз? Бәріне дерлік үлгересіз бе?

- Жұмысты қай уақытта бастап, қаншаға дейін жалғастыратыныңды өзің білесің. Мысалы, бүгін түстен бастап екі тапсырыс қабылдадым. Тапқан табысым бүгінге жетеді. Ал басқа уақытта 7-8 тапсырыс қабылдаймын. Үлгеру әр адамның өзіне байланысты. Жазда велосипед, самокат арқылы тапсырыс жеткізетін едік. Ал қыста жартылай жаяу, қоғамдық көлікпен жүремін. Қала ішінде кептеліс болмаса, барлығына үлгере аламын. Дегенмен қатар-қатар тапсырыс қабылдап, адамдардың уақытын ала алмайын. Себебі жауапкершілік деген бізде де бар.

Сондай-ақ тапсырыс түскен кезде, оларды көбіне рейтингі жоғары курьерлерге береді. Ал рейтингі төмен курьерлерге аса танымал емес, бағасы аз немесе шалғай аудандардағы тапсырыстар қалады. Бұндпй сәтте рейтингті төмендетпей ұстауға тырысасың. Дегенмен тапсырыс шалғай ауданда деп бас тартуға болмайды. Себебі бұл да - бізлің жұмысымыздың бір бөлігі. Қаланың аумағы үлкен болғандықтан, әр бөлігіне барып, танып білген де дұрыс. Бұл саланың ең бір қызықты тұсы - қала көшелерін танып, онымен қатар дәмді тағамдарды қай жерлерден, қандай бағаға алуға болатынын жақсы біле бастайсың. 

- Тауар мен тағам демекші, сіздер суық, жаңбырлы күндерде де тапсырыс қабылдайсыздар. Тағам сапасының кепілдігіне жауап беру қиын емес пе? 

- Иә, Алматыда жауын-шашын жиі болады. Жаңбыр астында қалатын күндер де болып тұрады. Дегенмен өзіміздің тағам таситын сөмкеміз болғандықтан, еш жері бүлінбейді. Тауарларды да дәл осылай сөмкемізге салып тасимыз, дегенмен зат таситындар мен тағам таситындар екі бөлек. Мен көбінесе дүкендердегі тауарды және адамдардың бір-біріне таситын заттарын жеткіземін. 

Кейде тағам таситын курьерлікті де істеймін. Жеткізуші ретінде жұмыс істеудің артықшылығы — ыңғайлы уақытта толық емес жұмыс күнімен жұмыс істеу мүмкіндігі. Курьерлер өздерінің жұмыс кестесін таңдап,  қалаған уақытында істей алады. Бұл - оқитын және қосымша қызмет атқаратындарға таптырмас мүмкіндік. Қалай болғанда да, курьерлік жұмыс икемді сала екенін айта кеткен жөн. 

- Жұмыс барысында жарақат алғанда өтемақы беріле ме? 

- Жарақат алмай, денсаулығымызды сақтауға тырысамыз. Дегенмен тапсырыс берушілердің «Қашан келесіз? Қанша уақыт күтеміз?» деген сөздерінен асығатын сәттер болады. Соған қарамастан, абай болуға тырысамын. Дегенмен, егер ондай жағдай болса және оған компания кінәлі болса, өтемақы төленеді. Бұл саланың ең бір ұтымды тұсы - зейнеткерлік және тағы басқа аударымдар жасалады. Яғни, ҚР заңнамасына сәйкес, барлық тиісті салық пен аударым міндетті түрде төленеді. Сол себептен заман ағымына ыңғайланған жақсы бір жұмыс деп айтар едім. 

-Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы