Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз – Назарбаев

29 Сәуір 2019, 16:30
2511
Бөлісу:
Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз – Назарбаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс туралы сөз қозғап, оның бейбіт шешілгенін қалайтынын жеткізді.  

«Қазақстан әлемде тиімді бітімгер ретінде белгілі. Бізге алыс-жақын көршілеріміз сенеді. Барлық тарихи оқиғалар бізде өтеді. Еліміз Таулы Қарабақ, Иран, Үндістан, Пәкістан, Сирия, Ресей, Түркия айналасындағы шиеленісті төмендетуге өз үлесін қосты. Біз Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Әрдайым мәселелерді шешуге қосыламын. Барлық соғыс пен шиеленіс бейбітшілікпен бітеді. Бұл да бір күні аяқталады», - деді Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында.

Елбасы қазақ даласының қазіргі өркениетте диалог алаңына айналып отырғанын айтты.  

«Астанамызда, дәл осы ғимаратта 2003 жылдан бастап жүздеген әлемдік дәстүрлі діндер өкілдерінің басын қосатын съезд өтеді. Әлемде олар жиналатын басқа жер жоқ. Иранның жоғарғы молдасы мен Израиль раввині бір-бірімен қол алысып, Құдайдың бәріне ортақ екенін, оған әртүрлі жолдармен жететінін және барлық дінде басқа діндердің барлығын жақсы көру керек деген секілді әңгімелер айтатын осы жер ғана. «Құранда бір адамды өлтірсең, бар әлемді, адамзатты өлтірдің» дейді. Басқа дінде де солай. Қазақстанда ғана осы секілді сұхбаттарды жүргізуге болады», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындады.


Өзгелердің жаңалығы