Қызылорда қаласының 112 қызметіне Мерей шағын ауданындағы көпқабатты үйдің лифті ішінде ер адамның қалып қойғаны туралы хабарлама түсті. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында азамат дін аман құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға орнына келген ТЖМ жедел-құтқару жасағы арнайы лифт кілтінің көмегімен кабинаның есігін ашып, 1969 жылы туған азаматты сыртқа шығарды. Медициналық көмек қажет болмады, - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға лифт ішінде қалып қойған жағдайда келесі қауіпсіздік ережелерін ұстануға кеңес береді:
- Сабыр сақтаңыз, үрейге берілмеңіз;
- Диспетчерге хабарласыңыз, көмек сұраңыз;
- Барлық түймелерді қатарынан баспаңыз — бұл жүйені шатастыруы мүмкін;
- Лифт есігін өзіңіз ашуға тырыспаңыз;
- Сыртқы байланыс құралдарын (ұялы телефон, дабыл түймесі) белсенді пайдаланыңыз.
ТЖМ мамандарының айтуынша, лифт ішінде қалып қою жағдайында ең бастысы — сабыр мен қауіпсіздік талаптарын сақтау.