2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттары сайлауын бақылауға 18 шет мемлекет пен бес халықаралық ұйымнан 121 байқаушы қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, 17 тамыз сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына халықаралық байқаушыларды аккредиттеуге тиісті өтінімдер түскен.
Елдер арасында ең көп байқаушы Қытай Халық Республикасынан – 21 адам келеді. Одан кейін АҚШ – 19 байқаушы. Таиланд Корольдігінен 10, Ұлыбританиядан 9, Түркиядан 7, Моңғолиядан 4 байқаушы ұсынылған, – деді ол.
Сондай-ақ, Үндістан, Индонезия және Франциядан үш-үштен, Ирак, Словакия, Өзбекстан, Филиппин және Жапониядан екі-екіден байқаушы келеді. Бельгия, Иордания, Сербия және Түрікменстаннан бір-бір кандидатура ұсынылған.
Халықаралық ұйымдардан да байқаушылар қатысады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясынан – 8, ЕҚЫҰ-ның сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан – 7, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 6, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан – 4, Түркі академиясынан 3 байқаушы ұсынылған, – деді Мұхтар Ерман.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы жобасын дайындады.
Сондай-ақ 29 елден 38 журналист келіп, ақпарат таратпақ. Олардың алды 20 тамыздан бастап елге келмек.
Еске салайық, бұған дейін ОСК Құрылтай сайлауында қалай дауыс беру керек екенін түсіндірді.