ОСК Құрылтай сайлауында қалай дауыс беру керек екенін түсіндірді

ОСК мүшесі әрбір сайлаушы дауысын өзі беретінін айтты. Басқа адам үшін дауыс беруге немесе өз дауысын басқа біреуге беруге жол берілмейді.

18 Тамыз 2026, 15:42
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 18 Тамыз 2026, 15:42
18 Тамыз 2026, 15:42
116
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында ел бойынша және шетелде барлығы 10 424 сайлау учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұлов ОСК отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, 61 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі құрылған. Олардың мекенжайлары Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланған.

Сондай-ақ дауыс беруді ұйымдастыру, азаматтардың өтініші бойынша сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру, уақытша болу орындарында дауыс беруді өткізу және сайлау учаскелерінде дауыс беру нәтижелерін шығару тәртібіне тоқталды.

ОСК мүшесінің сөзінше, әрбір сайлаушы дауысын өзі береді. Басқа адам үшін дауыс беруге немесе өз дауысын басқа біреуге беруге жол берілмейді.

Сайлау бюллетені азаматқа сайлаушылар тізімі негізінде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейін беріледі. Бюллетень алған сайлаушы тізімге қол қояды. Ал оны берген комиссия мүшесі тиісті белгі қояды.

Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы бюллетень беруге қатыспайды.

Дауыс беруші бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Бұл кезде кабинада басқа адамның болуына тыйым салынады.

Сайлаушы өзі қолдайтын саяси партия атауының оң жағындағы шаршыға немесе «Бәріне қарсымын» деген жолдың тұсындағы шаршыға кез келген белгі қоя алады.

Бюллетеньді қарындашпен толтыруға, сондай-ақ қойылған белгіні түзетуге жол берілмейді.

Бірнеше саяси партияға қатар белгі қойылған, қарындашпен толтырылған немесе сайлаушының еркін анықтауға мүмкіндік бермейтін белгілері бар бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Үйден дауыс беру тәртібі де түсіндірілді

Азамат Айманақұловтың айтуынша, денсаулық жағдайына, науқас отбасы мүшесін күтуіне немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар тұрған жерінде дауыс бере алады.

Ол үшін сайлаушы учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беру күні сағат 12:00-ден кешіктірмей жазбаша өтініш беруі керек. Осы өтініш негізінде комиссия азаматтың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастырады.

Мұндай жағдайда да дауыс беру құпиясы сақталуға және сайлаушының еркін білдіруіне ықпал етуге жол берілмеуге тиіс.

Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы керек

Баяндамашы сайлау учаскесіндегі дауыстарды санау тәртібіне де тоқталды.

Алдымен пайдаланылмаған бюллетеньдер саналып, жойылады. Одан кейін комиссия сайлаушылар тізімі бойынша учаскедегі сайлаушылардың жалпы санын, бюллетень алған азаматтар санын және комиссия мүшелері берген бюллетеньдер санын анықтайды.

Дауыс беру жәшіктері ашылғаннан кейін әрбір саяси партияға берілген дауыстар, «Бәріне қарсымын» деген жолға белгі қойылған бюллетеньдер және жарамсыз деп танылған бюллетеньдер жеке есептеледі.

Егер дауыс беру уақыты заңда белгіленген тәртіппен өзгертілмесе, дауыстарды санау сағат 20:00-де басталады.

Дауыстарды санау қорытынды нәтиже анықталғанға дейін үзіліссіз жүргізіледі. Бір учаскедегі санау процесі басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауға тиіс.

Санау аяқталғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша тиісті хаттама жасайды.

Еске сала кетейік, ОСК сайлау учаскелеріндегі кемшіліктерді жоюға 23 тамызға дейін уақыт берді. Сайлау учаскелердің талапқа сай жабдықталуын жеке бақылауға алу тапсырылды.

Наверх