Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты

26 Наурыз 2024, 15:30
375
Бөлісу:
Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты
Фото: BAQ.KZ -архив

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан экспорттаушылар форумы мен Қытай (Сычуань) – Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі тараптың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстанның сауда серіктестерінің арасында Қытай Халық Республикасы бірінші орынға шықты. Біздің статистика деректері бойынша 2023 жылы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сауда 31,5 миллиард доллар құрайтын рекордтық көрсеткішке жетті, - деді министр.

Шаққалиев атап өткендей, қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6 пайызға өсіп және 14,7 миллиард долларды құрады. Импорт 50,5 пайызға өсіп, 16,8 миллиард АҚШ долларын құрады.

Шаққалиевтің сөзінше, Қытаймен өзара байланыс әлемдегі ең ірі инвесторлар мен жетекші экономикалардың бірі, Қазақстан үшін тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақ мерзімді факторы болып отыр.

Өткен жылы Қытай нарығын еркін экспорттай алатын Қазақстанның агроөнімдер тізбесін кеңейттік. Біздің болжам бойынша, Қазақстанның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін қоса алғанда, 135 тауар позициясы бойынша экспортты бір милиардқа арттыра алады, - деді Сауда министрі.

Еліміздің басшылары өзара тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде қысқа мерзімді міндет қойғанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы