Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

30 Желтоқсан 2022, 14:28
2237
Бөлісу:
Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі
PHOTO

2022 жылдың аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Редакциямыз да жылды қорытындылап, ел есінде қалған оқиғаларға шолу жасап көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін кезінде лауазымды қызметтерде болған, бірақ елге опасыздық жасап, ел қазынасын тонап, күдікке ілінген не болмаса сотталып кеткен шенділер мен олигархтардың сөздерін еске түсіріп көреміз.

Кәрім Мәсімов қауіпсіздік жайлы

2016 жылы маусымда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов халықты бірінші кезекте не алаңдататынын айтқан болатын.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Елбасының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысына жасаған сапарыма тоқтала кеткім келеді. Менің ойымша, бүгінгі күні халықты ең бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі толғандырады. Бұған дейін, халық негізінен баспана мәселесіне, суға, газға қатысты тарифтерге, азық-түлік мәселесіне назар аударып келсе, қазір жұртты елдің ішкі қауіпсіздігі толғандыратыны анық білініп отыр, - деп еді Кәрім Мәсімов.

Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болып 2016 жылы 8 қыркүйекте тағайындалған болатын.

2019 жылы наурызда Tengrinews.kz-ке былай деп айтқаны интернет беттерінде жүр. 

Нұрсұлтан Әбішұлы - ұлы адам. Ол туралы кітап жазамын, оны «Елбасы көмекшінің көзімен» деп атаймын. Кітап қызықты болмақ. Парақтары «жабық» қызық кітап болады, - деді ҰҚК басшысы.

Кәрім Мәсімов 2003-2006 жылдар арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған, премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Екі рет елдің премьер-министрі (2007-2012 және 2014-2016 жылдары) болды, сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінде жұмыс істеді.

Ол премьер-министрдің қызметінде болғанына қарамастан өзін президенттің көмекшісімін деп бірнеше рет айтқан болатын.

2007 жылы қаңтарда, Нұрсұлтан Әбішұлы, мені алғаш рет премьер-министр етіп тағайындадыңыз. Сол кезде қандай қызметте болсам да, сіздің адал көмекшіңіз боламын деп уәде берген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қайта айтқым келіп тұр: мен әлі де сіздің көмекшіңізбін, әлі де шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамыту бойынша үлкен істерді жүзеге асыруға менің де қатысуыма мүмкіндік бергеніңізбен мақтанамын, - деген еді Мәсімов 2011 жылы.

Өздеріңізге мәлім болғандай, Астана қалалық соты ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісін қарауды 18 қарашада бастады. Кәрім Мәсімов биыл 5 қаңтарда елдің бірқатар қалаларында наразылық тұтанған шақта Қауіпсіздік кеңесі отырысынан кейін қызметінен алынған. 6 қаңтарда ҰҚК Мәсімовтің "мемлекетке сатқындық жасау фактісі" бойынша істі тергей бастағанын хабарлады. Ал бірнеше күннен соң билікті басып алу ісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Оның үш орынбасары да ұсталған.

«Алаңғасар министр» Арыстанбек Мұхамедиұлы 

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды. Оған дейін бес жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған.

2017 жылы сәуірде Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрі кезінде Үкіметтегі әріптестерін күлкіге қарық қылғаны бар. Ол қазақстандықтардың жылдың салқын мезгілдерінде де зообақтар мен ботаника бағына баратындай жасайтынына уәде берген еді.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

Туризм саласында ең ыңғайлы мезгіл – жаз бен күз. Жылдың соңында барлық көрсеткішке ие боламыз. Театр, музей, ботаникалық бақ және т.б. демалыс орындарына бару көрсеткіші бойынша төмен болып тұр. Себебі қаңтар, ақпан, наурыз айларында аттракциондарға бара алмаймыз. Өте суық. Оның ішінде зообақтар, ботаникалық баққа қаңтар айында бару қиынға соғады. Біз, әрине, қыста зообақтарға, ботаникалық баққа баруға тырысамыз. Алайда өте қиын, - дегені бар еді экс-министрдің.

2021 жылы 17 маусымда Ұлттық музейдің директоры, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Алаша хан кесенесіне байланысты тарихты жаңғырту мақсатында әлемдік ғылыми қауымдастыққа үндеу жасады. 

Алаша ханның шын мәнінде кім екенін анықтау үшін, бүгін мен халықаралық қоғамдастыққа үндеу жариялауға бел шештім. Әрине, менің пайымым пікірталас, бәлкім халықаралық резонанс тудыруы мүмкін, алайда бұл сырттағы елдің біздің тарихымызға, ата-тегімізге қызығушылық тудырары сөзсіз. Халықаралық зерттеулер арқылы түрлі аңыздарға арқау болған, мифтік образ деңгейінде қалып қойған Алаша хан туралы қисынсыз дәйектерді жоққа шығарып, шын мәнінде оның кім болғанын анықтау қажет. Алаша хан мен Шыңғыс ханды бір адам деп санайтын пікірді қолдайтындар көп. Сол себепті әлем деңгейіндегі тарихшы-ғалымдарды тарта отырып, талай ғасырдан жұмбақ болып келе жатқан сұрақтың жауабын беретін уақыт жетті, - деген еді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Аш адам шығармашылық тұрғыдан әлдеқайда табысты келеді деп саналады. Бұған Бетховенді, Моцартты мысалға келтіріп жатады, олар жоқшылықта өмір сүрді, бірақ сондай үздік туындыларды дүниеге келтірді. Бәлкім, қаржыгерлердің айтқаны дұрыс шығар және қаржыландырудың аз болғанына қарамастан біздің талантты азаматтарымыз халықаралық деңгейге шығып жатыр. Бірақ кітапхана, музей және мәдениет үйлері сияқты салалардың қаржылай қолдауға мұқтаж», - деген сөзі тағы бар министрдің.

Министрдің 2015 жылы қарашада үкімет жиынын өткізген президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берген жауабы да ел аузында.

«Енді, Нұрсұлтан Әбішевич, шынын айтқанда, бәріміз бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой... Енді, тәуелсіздік арқасында, сіздің арқаңызда...», - деген еді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Осылайша экс-министр 2023 жылдың 20 қаңтарына дейін қамауда болады.

Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.

«Сезімтал депутат» немесе сотты болған Хаменова

Елбасындай ерен тұлға тұрғанда,

Мен елімнің ертеңіне сенемін, – деген Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова парламент палаталарының бірлескен отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ҚР Конституциясына енгізуді ұсынған.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

Елбасының баға жетпейтін ерекше рөлін Ата Заңға енгізуді өте қажет деп санаймын. Мемлекеттік тәуелсіздік сияқты еліміздің ұмытылмайтын құндылықтары туралы Конституциядағы 91-баптың ІІ тармағына Тәуелсіз Қазақстанның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін де енгізуді ұсынамын, – деп айтқаны бар Бақытгүл Хаменованың.

Қазір бұл заң Мәжілістің қарауына берілді. Егер депутаттар қолдайтын болса, Қонституциядағы Елбасы мәртебесі туралы заң күшін жояды.

Сондай-ақ 2017 жылы наурызда желі қолданушыларының пікіріне берген мынадай жауабын да оқып көрелік.

Мен Елбасын сүйемін. Президентпен «көзімді аштым». Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымын. Неге мен президентімізге жүрекжарды сөзімді айта алмаймын? Әркімнің өз пікірі болуы керек және сен бұлай ойлай алмайсың деп ешкімге тыйым сала алмайсың, - деп Бақытгүл Хаменова пікірін айтқан.

Өздеріңізге мәлім, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды. Бақытгүл Хаменова пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ асырауында баланың болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.

Еске сала кетсек Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары былтыр 10 желтоқсанда ұсталған еді. 31 мамырда іс сотқа жолданды. Сот отырысы 3 тамыздан бері өтіп жатыр.

Бұл шешіммен мүлде келіспеймін. 11 ай бойы тар қапаста жатқанда да ақиқатты айтып, осымен күрестім. Күресе де береміз. Адвокатым мен қаумалаған елім бар. Аққа Құдай жақ. Осы сәтті пайдаланып шибөрідей шулаған тобырдың ғайбатына емес, шындық пен дәйекке сенге БАҚ өкілдеріне, блогерлерге, халқыма алғыс айтамын. Әлі аппеляциялық сот, жоғарғы сот, халықаралық сот бар. Адамның есебінен құтылса да, Алланың есебінен құтылмайды. Әрине, өкінішті. Бүгін әділетсіздік пен қиянат салтанат құрған күн болды, – деді Бақытгүл Хаменова.

Еске салайық, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан пара алды деген күдікпен қамалды.

Қайрат Сатыбалдының ел есінде қалған сөздері

Көпшіліктің алдында сөз сөйлеген Қайрат Сатыбалды дін туралы өз ойын ашық айтып, елді бірлікке шақырған.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп сасық әңгіме болмай, қазақты біріктіретін тек Ислам. Мұсылманды мұсылманға жақындататын тек Ислам. Намаз да, ораза да, бес парыз да бірге болайық. Бұл дүниенің жақсылығын көріп, жұмақта бірге болайық, - деген еді ол. 

Сондай-ақ интернет беттерінен мынадай ойларын да кездестіруге болады.

«Руханият бізге ауадай қажет. КСРО-ның пайдалы тұстары 99% десек, 1% кері тұсы – атеизм. Сондықтан ол құлады. Біз шенеуніктер арасында жемқорлықты қанша бақыласақ та, Құдайдан қорықпаса, әрі қарай да ұрлай береді».

«Сенім Отанға деген махаббаттан басталады. Нағыз діндар – өз Отанының патриоты».

«Өз басшысын құрметтемейтін халық Құдайдың қаһарына ұшырайды». 

«Бұл қозғалыс әділ адамдарды біріктіреді. Болашақта осы қозғалыс негізінде партия пайда болуы мүмкін. Кейін өз кандидаттарымызды парламент депутаттығына ұсына аламыз («Ақ орда» қозғалысы туралы – авт.)».

«Менен көпшілігі қоғамдық қызметімнің Н.Назарбаевпен туыстық қарым-қатынасыммен байланысты ма деп сұрайды. Бұған былай жауап беремін: иә, Нұрсұлтан Назарбаев – менің ағам, мен оның мемлекеттік туралы идеяларын қолдаймын, оның дана саясатына тәнттімін және бар күшімді салып оған көмектесемін».

13 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұсталғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Сатыбалды қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын ұрлау фактілері бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.

2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты, ол 6 жылға сотталды.

Қайрат Боранбаевтың «Қайраты» мен «Спутник V-і»

«Қайрат» футбол клубының басқарма төрағасы әрі бақылау комитетінің басшысы Қайрат Боранбаев клуб академиясы туралы айтқаны бар.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

«Ең алдымен біз бизнестен келіп, футболды қалай жандандырамыз деген мәселеге тоқталдық. Футбол өте күрделі сала екенін бірден байқадық. Алдымен ресейлік әріптестердің тәжірибесіне көз жүгірттік. Қайта, менің осы салада қызмет етіп жүрген таныстарым көп болғанының арқасында мен біршама тұлғалардан кеңес алдым. Сондықтан болар ең алдымен инфроқұрылым мәселесін шешуге тырыстым. Клубты өз қолыма алғаннан кейін бірден база, академия, футбол мектептері үшін барлық жағдайды жасадым. Ірі құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қирап қалған инфрақұрылымды ретке келтірдім».

«Мен футбол клубын ала салып бірден қомақты қаржы салдым. Сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов біздің ішкі шаруамызға еш араласпады. Мен соған дән ризамын. Клубты жеке өзім қолыма алдым. Өзім басқарып келе жатырмын. «Қайрат» - бұл халықтың командасы. Мен осы жобаны қолға алғаныма еш өкінбеймін. Әлі де талай шаруа атқаратынымыз белгілі. Қазақтың бір командасы Еуропа төрінде жарқырап өнер көрсетсе сол да біздің мақсатымыздың орындалғаны болар еді».

Қайрат Боранбаев «Азаттық» тілшісіне хабарласып, «Спутник V» вакцинасын өндіруден өзі иелік ететін Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ешқандай пайда көрмейтінін мәлімдеді.

Бізде маржа жоқ. Қаншаға сатып алсақ, соншаға сатамыз. Бұл баға ведомствоаралық комиссияда үкіметаралық келісіммен бекітілді, тасымалдау мен қайта ораудың шығыны ескерілмеді. Ал вакцина міндетті түрде қайта оралуы керек, өйткені ол Қазақстандағы бүкіл қалаға тасымалданады. Қаптама қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Бұл шығынды өзіміз көтердік. Біздікі әлеуметтік жоба. Денсаулық сақтау министрлігіне ең болмаса өндіріс шығынын өтеп беріңдер деп сұрадық. Болды. Ешкім тасымалдау шығынын ескермеді, - дейді Боранбаев. 

Қайрат Боранбаев – Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, ірі кәсіпорындардың иесі. Сонымен қатар Боранбаев Дариға Назарбаеваның құдасы болған. Оның қызы Алима Боранбаева – Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевтың жары. Кәсіпкер Қайрат БАҚ беттерінде тек 2013 жылы, Дариға Назарбаеваның құдасы атанған соң ғана жиі көріне бастады. Жақында Боранбаев квазимемлекеттік компания басшысы қызметін атқарған уақытта ақша ұрлады деген күдікпен тұтқындалған болатын. 

Бүгін Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы басталды.

Кәрім Көкірекбаевтың ел есінде қалған сөздері

Жамбыл облысының әкімі кезінде Кәрім Көкірекбаев жамбылдықтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен былай деп құттықтағаны бар. 

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

«1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтар Қазақстан Республикасының Президентін сайлады. Осы күннен бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігінің арқасында тәуелсіздік туы биікке көтерілді. Конституция талаптарын қатаң ұстанып, мемлекеттік рәміздерді қастерлей отырып, біз мемлекет өмірінің барлық салаларын дамыту бойынша бастамаларды сәтімен жүзеге асырып, елімізді биіктерге жетелей білдік», - деген сөзі бар екен өңірдің экс-басшысының.

2017 жылы Жамбыл облысын басқарып отырған кезінде Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданының халқымен кездесу барысында:

Келесі жылы біз 10 ауылды көркейтуді көздеп отырмыз, 2019 жылы 20 ауылды қамтуымыз керек. Менің ойымша, облыстан шыққан кәсіпкер азаматтар өзінің туған жерінің дамуына атсалысуы перзенттік парызы. Ал егер біз осы жобаны республикаға ұсынып, еліміздің басқа аймақтарынан қолдау тапсақ, келесі жылы Қазақстан бойынша 160 ауылды, 2019 жылы 320 ауылды инвесторлар мен кәсіпкерлер арқылы кешенді түрде жаңғыртытуға мүмкіндік алар едік, - деген болатын ол. 

Еске сала кетсек, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және ҚР ТЖМ «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Кәрім Көкірекбаев ірі көлемде пара алды деген күдікпен қамауға алынды.

Гаухар Алдамбергенованың ел есінде қалған сөздері

Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Белгілі болғандай, еңбекақы мөлшері келешекте де арта бермек. Бұл мақсатта алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінбек. Соңғы жылдары елімізде ұстаз беделін, педагог мәртебесін көтеру жолында елеулі істер атқарылып, нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр., - деген ол.

Қылмысы ашылғанша кім не демейді... Экс-шенділердің шешендігі

«Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр».

«Ұстаздың беделді – қоғамның беделі, мемлекет болашағының нақты кепілі».

«Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей».

Еске сала кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры 7 жылға сотталды.

Қарасай аудандық сотының үкімімен бұрынғы ректор – «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің» КЕАҚ басқарма төрағасы Гаухар Алдамбергенова, ректордың кеңесшісі Қожантаев (Алдамбергенованың туған ағасы) және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының Қарасай Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшысы Журунов кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу барысында сотталғандар жалған тұлғаларға тіркеп, университеттің 9 га жер телімін сегментке бөліп, өзге адамдарға сатқаны дәлелденді.

Өзгелердің жаңалығы