Қылмысты жасырғандарды қандай жаза күтеді?

12 Мамыр 2025, 16:25
711
Бөлісу:
 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмысты, соның ішінде балаға жасалған жыныстық зорлықты жасырып қалған адам жауапқа тартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас прокуратура BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында азаматтардың қылмысты жасырып қалуына жол берілмейтінін атап өтті. Ведомство өкілдері Қылмыстық кодекстің 432-бабын мысалға келтірді.

Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмысты жасырып қалғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылған, – делінген прокуратураның редакциямызға берген ресми жауабында.

Сондай-ақ, азаматтардан түскен кез келген қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз тәулік бойы қабылданып, тіркеледі. Бұл Бас Прокурордың 2014 жылғы №89 бұйрығымен бекітілген қағидаларда жазылған.

Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіге, жәбірленушіге немесе олардың туыстарына қауіп төнген жағдайда оларды қорғауға міндетті.

2024 жылғы 15 сәуірден бастап кәмелетке толмаған балаларға қатысты буллинг пен кибербуллинг жасағаны үшін де әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Бұл өзгеріс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабына енгізілді.

Прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балалардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, – дейді ведомство.

Өзгелердің жаңалығы