Құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет – Шәпкенов

27 Мамыр 2022, 04:20
1850
Бөлісу:
Құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет – Шәпкенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен құрылысы мерзімінен кешіктірілген нысандардың жұмысы бойынша жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Құрылысы аяқсыз қалған жобалар жөнінде облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайынов баяндама жасады.

Қазіргі уақытта бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан 28 әлеуметтік нысанның 10-ында проблема бар. Олардың қатарында 1 мектеп, 4 мектепке жапсаржай, 2 мәдениет үйі, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 спортзал бар. Қазіргі таңда бұл объектілердің төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар Исатай ауданы Аққыстау селосындағы 60 пәтерлік тұрғын үй және Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үй құрылыстарының қарқыны баяу. Сондықтан бұл аудандардың әкімдіктері бақылауды күшейтуі қажет, – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құсайынов.

Жиында аймақ басшысы тапсырыс беруші мен мердігер мекеменің арасында жасалған келісім-шарттың орындалу мерзімін негізсіз ұзартпауды қатаң ескертті.

Заң жүзінде жұмыс істеу керек. Егер мердігер кестеге сай жұмыс істей алмайтын болса, келісім-шартты тоқтатып, басқа мердігер мекемені іздеу керек. Осылай жұмыс істейтін болсақ, кәсіпкерлер де осы тәртіпке үйренеді. Бұл іс қолынан келмейтін болса, келесі жолы мұндай жұмыстарға араласпайды. Халыққа түсіндіру керек. Қазір кейбір елдімекендерде не клуб жоқ, не мектеп жоқ, не спортзал жоқ, не асханас жоқ. Тұрғындар осы әлеуметтік нысандардың тезарада пайдалануға берілуін күтіп жүр. Бұдан бөлек, мердігер мекеменің құрылысты сапасыз аяқтау мәселесі және бар. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін нақты алгоритм дайындап, сол бойынша жұмыс істейміз, деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Жиын соңында аймақ басшысы Серік Шәпкенов жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы