Өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіповтің айтуынша, елдегі ірі кәсіпорындардан, кәсіпкерлер мен меценаттардан түскен қаражатты жинақтау үшін «Ұлттық рух» қоры құрылған.
Қаржыны бөлу жұмысымен қаражаттың әділ бөлінуін және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған комиссия айналысқан.
Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының, қоғамдастықтың өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірді. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қорға түскен барлық қаражат қабылданған шешімдерге сәйкес және заңнамада белгіленген тәртіппен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары арасында әділ әрі тең бөлінді, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Бұдан бөлек, оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке төлемдер қарастырылған. Оларға көрсетілген материалдық көмектің мөлшері комиссия шешімдеріне сәйкес белгіленген.
Қаражатты есепке алу және бөлу жөніндегі барлық шешім комиссия жұмысы аясында қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген және заңда белгіленген рәсімдер сақталған. Бұл жұмысқа қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысқан.
Айта кетейік, осыған дейін Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында 14 сарбаз суға кетіп, қаза тапқан. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланған болатын.
Осылайша, комиссия қаражаттың қорға түсуінен бастап алушылардың есепшоттарына аударылуына дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылауды қамтамасыз етті. Әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарының өтінішіне және олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялығын сақтау қажеттігіне байланысты төленген нақты сомалар мен қаражат алушылардың жеке деректері жарияланбайды, – деп түсіндірді Жүсіпов.
Комиссияның жұмысы аяқталды. Қорға түскен барлық қаражат белгіленген тәртіппен бөлініп, тиісті шешімдер құжат жүзінде рәсімделді.