Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз - Тоқаев

16 Маусым 2022, 15:17
1645
Бөлісу:
Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз - Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім. Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған, - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде.

Айтуынша, мұндай шешімдердің қабылдануы – ел бірлігі үшін аса маңызды. 

 Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды, - дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент мемлекет атауын өзгертуге қатысты пікір білдірген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы