- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Құрылтай сайлауына екі күн қалды: 23 тамызда қалай дауыс беруге болады?
Құрылтай сайлауына екі күн қалды: 23 тамызда қалай дауыс беруге болады?
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
21 Тамыз 2026, 09:30
Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлауға екі күн қалды. Осы жексенбіде қазақстандықтар өз таңдауын жасайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлау учаскесі нешеде ашылады?
Еліміздегі тұңғыш Құрылтай сайлауы 2026 жылдың 23 тамызында өтеді. Бұл саяси науқанда 7 партия бәсекеге түседі. Олар бюллетеньде келесі ретпен орналасады:
- «Әділет» партиясы.
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).
- «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы.
- Қазақстан Халық партиясы (ҚХП).
- «Ауыл» партиясы.
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы.
- «Respublica» партиясы.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 23 тамызда Қазақстан азаматтары ел көлемінде және шетелде барлығы 10 424 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Соның ішінде 61 шет мемлекеттегі еліміздің өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі құрылған.
Алайда әскери бөлімдерде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, вахталық кенттерде, демалыс үйлері мен санаторийлерде, ауруханаларда және басқа да арнайы учаскелерде тізімге енгізілген азаматтардың барлығы дауыс беріп болған жағдайда, учаскелік комиссия дауыс беруді кез келген уақытта аяқтады деп жариялай алады.
Сонымен қатар азамат денсаулық жағдайына байланысты немесе отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болса, үйде дауыс бере алады.
Дауыс беру үшін жеке басты куәландыратын құжат қажет.
Еліміздің заңнамасы бойынша 18 жасқа толған және сот шешімі бойынша сайлау құқығынан айырылмаған Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беруге құқылы.
Өз учаскеңізді қалай табуға болады?
Өзіңіз туралы деректерді сайлаушылар тізімдерінен 2026 жылғы 7 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиясында тексере аласыз.
Сайлау учаскесі туралы мәліметті eGov Mobile қосымшасындағы «Танымал қызметтер» бөлімі арқылы да біле аласыз. Аталған сервистерді QR-кодтарды сканерлеу арқылы да пайдалануға болады.
eGov Mobile қосымшасында сайлаушыларға қажетті негізгі ақпарат жинақталған арнайы «Құрылтай-2026» бөлімі іске қосылған. Сол жерден пайдаланушылар өздерінің сайлау учаскесінің мекенжайы мен нөмірін біле алады. Ол жерде сайлаушы өзі туралы мәліметтерді тексеріп, дауыс беру күніне дейін қанша уақыт қалғанын көруіне болады.
Сондай-ақ бұл бөлімде сайлау туралы ақпарат, жаңалықтар мен іс-шаралар, құжаттар, сұрақтар мен жауаптар, ЖСН арқылы сайлау учаскесін іздеу қызметі және байланыс деректері қолжетімді.
Сонымен қатар, Сіз сайлаушылар тізіміне кіргеніңізді:
- әкімдікте тұрғылықты жеріңіз бойынша;
- учаскелік немесе аумақтық сайлау комиссиясында;
- олардың науқан аясында іске қосылуына қарай ОСК ресми сервистері арқылы тексере аласыз.
Бұдан бөлек, сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын мына онлайн сервистер арқылы анықтауға болады:
- www.gov.kz/sailau
- sailau.gov.kz
- sailau2026.gov.kz
- Ол үшін өз өңіріңізді таңдап, ЖСН-ді енгізу жеткілікті.
Уақытша мекенжайыңызда қалай дауыс беруге болады?
Егер Сіз дауыс беру күні сайлау учаскесіне келе алмасаңыз, орналасқан жеріңіз бойынша дауыс беруге құқылысыз.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова сайлаушылар тұрғылықты жерден тыс аумақта болғанда не істеу керектігін айтты.
«Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын сайлаушылар дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін тұрақты тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан ала алады. Ол үшін 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін өтініш беруге болады. Жазғы демалыс пен каникул кезеңін ескере отырып, азаматтарды есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі туралы ақпараттандыруды жалғастыру маңызды. Осылайша, сайлаушы басқа елді мекенде болған жағдайда да дауыс бере алады», - деп атап өтті Әсел Жанәбілова.
Шетелде дауыс беру тәртібі қалай?
Шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы учаскелердегі сайлаушылар тізіміне Қазақстан Республикасының келесі азаматтары енгізіледі:
- тиісті шет мемлекетте тұратын;
- ұзақ шетелдік іссапарда жүрген;
- жеке шақыру бойынша келген;
- қызметтік, іскерлік немесе туристік сапарда болған.
Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімін қайдан көруге болады?
Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінің тізімімен келесі интернет-ресурстардан танысуға болады:
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.
Құрылтай депутаттарын сайлаудың қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күн ішінде белгілейді.
Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Сайлауға жеті саяси партиядан 545 кандидат ұсынылды.
Ең оқылған:
- «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді
- «Қызым, қайта хабарласам дедің ғой»: Сотта Ұлдана Мырзуанның анасы жылап қалды
- Алматыда мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін
- 44 рет терезесі сынған: Пойызға тас лақтырғандар қандай жауапкершілікке тартылады?
- Талапкердегі қыздарды «орманға алып қашу» оқиғасы: Полиция ресми мәлімдеме жасады