Бұрын бірінші басшы, қазір комиссия: Құқық қорғау органдарына орналасу тәртібі қалай өзгерді?

24 Тамыз 2020, 17:36
3699
Бөлісу:
Бұрын бірінші басшы, қазір комиссия: Құқық қорғау органдарына орналасу тәртібі қалай өзгерді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құқық қорғау органдарына орналасудың жаңа тәртібі бекітілді. Жаңашылдықтар мен соңғы өзгерістер туралы Бас прокуратураның кадрлық даму департаменті басшының орынбасары Аида Әнуар айтып берді. 

Елбасы 2018 жылғы Жолдауында құқық қорғау блогына құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау тәртібін қайта қарауды ұсынды. Осы тапсырманы орындау мақсатында біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, шет елдердің озық тәжірибесін ескере отырып, прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кадрларды іріктеу мен даярлаудың бірыңғай тәсілін әзірледік, - деді Аида Әнуар. 

Ол атағандай, бұрын бұл органдардың әрқайсысы жеке тәртіптері бойынша үміткерлерді қабылдайтын. 

Қазір үміткердің барлығы Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау академиясынан алғашқы кәсіби даярлықтан өтеді. Ең бастысы, үміткердің жоғары заң білімі болуы керек. Кандидаттың жасы 35-тен аспауы керек. Сонымен қатар, құқық қорғау қызметі туралы заңда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке байланысты шектеулер қойылған. Сол шектеулерге үміткер сай болуы керек. Кандидат өтініш берген соң, мемлекеттік істер агенттігінде тест тапсырады. Сондай-ақ, кандидат әскери дәрігерлік комиссия мен полиграфиялық зерттеуден өтуі тиіс, - деді ол. 

Аида Әнуар айтып өткендей, кандидат аумақтық комиссия мүшелерімен әңгімеден де өтуі керек. 

Олар академияда ауызша емтихан тапсыруы керек. Осы талаптардың барлығын орындаған кандидат оқуға қабылданады. Бұл талаптар қазір қызметтегі қызметшілерге қатысты емес. Жаңадан қызметке қабылданатын қала және аудан прокуратураларының прокурорлары және аға прокурорлары қызметіне келетін кандидаттарға қатысты болады, - деді ол. 

Маманның айтуынша, қызметке қабылдаудың талаптары айтарлықтай өзгерген.

Бұрын әрбір органның комиссиясы кандидаттың қызметке сәйкестігін тексеретін. Бірақ соңғы шешімді бірінші басшы қабылдайтын. Енді бұл іріктеу ашық конкурс арқылы өтеді. Академияда құрылған ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына осы үш органның кадр қызметі мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері енеді, - деді ол. 

Аида Әнуардың айтуынша, кәсіби даярлықтың негізгі мақсаты – жұмыс дағдыларына үйрету. 

Прокуратура қызметінің аясы өте кең. Қадағалаудың барлық саласын үміткер білуге міндетті. Азаматтық, қылмыстық, жер, еңбек, денсаулық қатынасындағы заңнамаларды білу – олар үшін міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды үйретеміз. 19 тамыздағы отырыста Президент айтып өткендей, бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келетін үміткерлер жемқорлықтың алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін меңгеріп шығуы тиіс. Экономикалық тергеу қызметіне келетін болсақ, болашақ маман көлеңкелі экономикаға қатысты тергеу істерін жүргізуді толыққанды білуі керек, - деді ол. 

Оның айтуынша, оқу бағдарламасы екі кезеңнен тұрады. 

Біріншіден, үміткерлер академияда оқытылады. Екіншіден, олар сол органға барып тағылымдамадан өтеді. Мысалы, прокуратура органдарына қызметке үміткерлер 6 ай академияда оқып, 6 ай сол органнан тағылымдамадан өтеді. Экономикалық тергеу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келетін үміткерлер 5 ай академияда оқып, 1 ай тағылымдамадан өтеді. Тағылымдамадан өту кезінде олар ресми құжаттарды әзірлеуді үйрету, азаматтардың өтінішін қарау, қылмыстық істерді тергеуді үйренеді. Болашақта керек болады-ау деген ақпараттық жүйелермен қызмет жасауға үміткерлер тартылады, - деді ол. 

Аида Әнуар айтқандай, академия мен үміткерлер арасында шарт жасалады. 

Шартқа байланысты үміткер оқу бітірген соң, 3 жыл құқық қорғау органдарында қызмет істеуге міндетті. Академияда оқу кезінде ол стипендия мен тамақтану, жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Оқу кезінде оның үлгерімі жақсы болуы керек. Сонымен қатар, әдеп кодексі мен тәртіпті сақтау сынды мемлекеттік қызметке қатысты барлық талапты орындау үміткерге міндеттеледі, - деді ол. 

Осы тәртіп сақталмаған жағдайда үміткермен шарт бұзылып, жұмсалған қаржы мемлекетке қайтарылады.

Академияның профессорлық оқыту құрамы бар. Оқытуға шетелдік сарапшылар мен қазіргі практиктер, құқық қорғау органдарының ардагер қызметкерлері тартылады. Қазіргі кезде сабақ беретін ғылыми қызметкерлердің пулы дайын. Шетелдік бейіндік оқу орындарымен, әсіресе, Германия, Украина, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Молдова прокуратураларымен меморандумдарға қол қойылды. Құқық қорғау органдары академиясын аяқтаған үміткер міндетті түрде жұмысқа орнластырылып, лауазымға тағайындалады. Оған бірінші сыныптық шен беріліп, академияда оқыған кезеңі еңбек өтіліне енеді, - деді Аида Әнуар.

Өзгелердің жаңалығы