Қостанайдағы жарылыс. Зардап шеккендердің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

12 Желтоқсан 2023, 15:14
492
Бөлісу:
Қостанайдағы жарылыс. Зардап шеккендердің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері "Атамекен" тұрғын алабында жарылыстан зардап шеккен адамдардың қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері Владимир Шатерников қалада болған жарылыстан зардап шеккен науқастардың жағдайлары туралы айтты. Сөзінше, 3 адамның жағдайы тұрақты.

Кеше біздің ауруханаға 4 пациент жатқызылды. Үшеуінің жағдайы тұрақты. Оң динамика бар, жағдайлары жақсарып келеді. Ауыр жағдайда түскен науқас бүгін есін жиды. Өкпені жасанды жеделдету аппаратынан ажыратылды. Сөйлейді, есін біледі. Жалпы барлығында оң динамика байқалады. Үш науқасқа еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ал жансақтау бөлімінде жатқан адамның жағдайына қатысты қауіп-қатер бар, - деді Шатерников.

Бас дәрігер науқастардың басым бөлігінің қол-аяғы, жамбасы сынғанын, жұмсақ тіндері жараланғанын айтты.

Ол ауруханада жатқан науқастар 30 жастан асқан азаматтар дейді.

Айта кетейік, кеше Қостанайда бір қабатты ғимараттағы газ жарылысы салдарынан 7 адам үйінді астында қалды. Кейіннен іздестіру жұмыстары барысында үш адам құтқарылды. Облыстық ТЖД басшысы үйінді астында кемі үш адам бар екенін хабарлады. Өкінішке қарай қираған үйінді астынан үш адамның денесі табылды. 

Өзгелердің жаңалығы