Қостанайдағы жарылыс. 3 адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

12 Желтоқсан 2023, 14:30
661
Бөлісу:
Қостанайдағы жарылыс. 3 адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
VIDEO
Фото: "Наша Газета" телеграм-каналы

Қостанай қаласында "Амангелді" тұрғын алабы Энергетиков, 1 мекенжайындағы құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салсақ, кеше 11 желтоқсанда сағат 12.36-да газ-ауа қоспасы жарылысы салдарынан аумағы 280 ш.м. бір қабатты ғимарат толығымен қирап қалды. 

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 5 ш.м. аумақта өрт болды. Өртті сөндіруге және үйінді астынан адам іздестіру жұмыстарына 300-ге жуық адам тартылған.

Қызыл жалын сағат 13:52-де оқшауланды. Газ баллондарының жарылуы адамға да, оның мүлкіне де үлкен қауіп төндіреді. Кеше болған жарылыс соның дәлелі. Кешегі өрт сөндіру және іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдай қызметі және жергілікті атқарушы органдарының 263 қызметкері мен 61 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ «ДОС» и «қызыл жарты ай» «10 Регион»  волонтерлік топтары тартылды, - деп атап өтті облыстық ТЖД.

Белгілі болғандай, іздестіру жұмыстары барысында 12 адам құтқарылды. Үш адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық ауруханаға 4 адам жатқызылды. Қалалық ауруханаға 6 адам орналастырылды. 1 адам өз бетінше медициналық қызметке жүгінді, тағы біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартты. Барлық зардап шеккендерге медициналық қызмет толық көлемде көрсетілуде. Қазір Қостанай қаласы Полиция басқармасы ҚР ҚК 292-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша жарылыс салдарынан 7 жеңіл және 5 ауыр техника зақымдалды, сонымен қатар іргелес жатқан 12 жеке тұрғын үй бұзылған.

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі атап өткендей, осындай оқиғалар қауіпсіз жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуде нормативтік-құқықтық базаны жақсартуға, техникалық стандарттарды жетілдіруге және жұмысшылардың біліктілігін жоғарылатуға стимул болуы тиіс. 

Айта кетейік, кеше Қостанайда бір қабатты ғимараттағы газ жарылыс салдарынан 7 адам үйінді астында қалды. Кейіннен іздестіру жұмыстары барысында үш адам құтқарылды. Облыстық ТЖД басшысы үйінді астында кемі үш адам бар екенін хабарлады. Өкінішке қарай қираған үйінді астынан үш адамның денесі табылды.

Өзгелердің жаңалығы