Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды

13 Сәуір 2022, 18:43
4190
Бөлісу:
Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті. Отызыншы жыл қатарынан ұйымдастырылған жыр додасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және Балалар жылына арналды. 

Айтысқа облыстың әр аудан-қалаларынан 10 үміткер қатысты. Дәстүрлі жоба отыз жыл ішінде жас ақындардың талабын шыңдап, өнерге баулитын үлкен мектепке айналды. «Жас тұлпардан» түлеген ұл-қыздардың арасынан республикаға белгілі айтыскерлер ғана емес, дәстүрлі ән-жырды серік еткен өнерпаздар да шықты. Қазылар алқасының төрайымы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлпия Орманшина да осы жөнінде айтып өтті. 

Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды

«Бұл «Жас тұлпар» айтысы Торғай облысында басталған еді. Бірінші рет Науырзым ауданында ұйымдастырылған. Содан бері жалғасып келеді. Қаншама дарынның бағы жанды. Көбі мені ұстазым деп біледі. Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеулер алғашқы шәкірттерім болды. Салтанат Өтелбаева мен Марғұлан Оспановты да талай жарысқа дайындап апардым», – деді Әлпия Орманшина.

Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды

Балғын ақындар барын салды. Бірінен бірі асырып жырлауға тырысты. Сахнаға алғаш шығып, қобалжығаннан толысып қалып жатқандар да болды. 

Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды

Соңғы айналымға өткен 6 өнерпаздың төртеуіне жүлде берілді. Қостанай қаласының намысын қорғаған 5-сынып оқушысы Дінасыл Бақытбек бас жүлдені жеңіп алды. Оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Осы тұста Дінасылдың әкесі Марғұлан Оспанов та осы «Жас тұлпардан» қанат қомдаған ақын екенін айта кеткен жөн.

Қостанайда өткен айтыста 5-сынып оқушысы жеңімпаз болды

Орын алған басқа үміткерлерге де ақшалай жүлделер берілді.

«Жас өрендерге, олардың тәлімгерлеріне ерекше алғыс. Өзім де осы айтысқа қатысқан едім. Отыз жылдық тарихы бар үлкен доданы одан әрі жандандыру бәрімізге ортақ міндет. Жас ақындар республикалық айтысқа қатысам десе, оған мүмкіндіктер барын айта кеткім келеді», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өнерпаздарды марапаттау сәтінде. 

Өзгелердің жаңалығы