Қостанай: Бас жоспардан "Нұрлы жерге" дейін...

23 Сәуір 2020, 18:34
2444
Бөлісу:
Қостанай: Бас жоспардан "Нұрлы жерге" дейін...
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екі жыл бойы дайындалған Қостанай қаласының жаңа бас жоспары Үкіметте қаралып жатыр. 2050 жылға дейін есептелген қаланың жаңа даму моделін облыстық мәслихат былтыр желтоқсан айында мақұлдаған болатын.

 

Тарихқа аз-кем зер салсақ...

Облыс орталығының бас жоспары екі рет әзірленіп, оған екі рет түзету енгізілді. Міне, оны қайта жаңарту уақыты келді. Бір себеп – 2020 жылы Қостанайдың алдыңғы бас қала құрылысы құжатының қолданылу мерзімінің аяқталуы. Сонымен қатар, соңғы он жылда қала айтарлықтай өзгерді, жаңадан Әуежай, Береке, шағын аудандары, "Қонай" тұрғын алабы пайда болды.

генплан.jpg

Қостанай қаласында алғашқы жобалау-жоспарлау жұмыстары 1957 жылы техникалық-экономикалық дамудан, Қостанай темір жол торабының сызбасын әзірлеуден басталды. Сол кезде қала аумағы 8000 гектардан астам, ал халық саны 120 мың адамға жететін. Облыс орталығы дамып, тұрғындары көбейгендіктен, бас қала құрылысы құжатын түзету қажеттігі туындады. 30 жылдан астам уақыт өткен соң, дәлірек айтқанда, 1983 жылы 180 мың адамға жеткен халық санын есепке ала отырып, бас жоспарға түзету енгізілді.

24 жылдан кейін, 2007 жылы "Градкомплекс" ЖШС компаниясы жаңа бас жоспарды дайындай бастады. Онда шаһарды кеңейтудің бірқатар ықтимал нұсқасы қарастырылған. Бірақ, уақыт өте келе, оның да ескіргені байқалды. Ал, 2018 жылы жасала бастаған жаңа бас жоспар бірнеше өзгертулерден кейін облыстық мәслихат сессиясында өткен жылы мақұлданып, Үкімет қарауына жіберілді.

генплан1 (1).jpg

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов бас жоспар Үкіметте 3-4 ай қаралатынын айтты. Осы мерзім ішінде салалық министрліктер мен ведомстволар құжат жобалаушы алматылық компанияның қорытынды сараптамаларын тексеріп шығады.

Жаңа қала құрылысы құжатын әзірлеген жобалаушылардың алдында күрделі мәселе тұрды. Оны алдыңғы әзірлеушілер шеше алмаған еді. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін құрылыс аумақтары жетіспеген еді.

Қала дамуының тұжырымдамасында және ұзақмерзімді болжамына сәйкес жобалаушылар осы проблеманы шешудің бірнеше нұсқасын ұсынады.

Әзірлеу негізіне 2050 жылға дейін қаланың жинақы және тығыз құрылысының нұсқасы алынды. Өйткені, шаһар аумағының тым кеңейіп кетуі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды шамадан тыс арттырады. Ал, тығыз құрылыс неғұрлым аз энергетикалық шығындармен, қарқынды әлеуметтік өмірмен сипатталады. Қоғамдық көлік жүйесін неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ендігі жоспар – қала ішіндегі өндірістік аймақтарды белсенді қайта жаңарту, қала құрылысын қалпына келтіру, нығайту, аумақтарды пайдалануды үдету, қала ішіндегі резервтерді қарқынды игеру, - деді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Құрылыс бірнеше аумақта жүргізіледі деп көзделіп отыр. Біреуі Узкая колея ауданында. Онда жатқан бос аумақ 240 гектарға көп қабатты үйлер тұрғызуға болады. Бірақ, жаңа құрылыстың негізгі бөлігі жақын болашақта Рудный тас жолының бойындағы Қонай ауданындағы 900 гектар жер учаскесінде салынбақ.

Қосымша алаңдарды жобалаушылар қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде, Тепличный кентінің ауданында орналастыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, "Текстильщик-2" және "Садовод-Строитель" бау-бақша қоғамдарының аумақтары, Дружба кенті ауданындағы бос жерлер қарастырылған. Сарапшылардың пікірінше, егер саяжай учаскелері сүрілетін болса, онда олар ҚР заңнамасы шеңберінде сатып алынуы тиіс.

Орталыққа жақын аудандарды жаңартып, қала құрылысын нығыздау, тозған аумақтарды, ең алдымен қаланың орталық бөлігінде өнеркәсіп аумақтарын конверсиялау жүзеге асырылады. Екі-үш қабатты үйлердің орнына бағасы арзан көпқабатты тұрғын үй кешендерін тұрғызамыз. Орталықтың тұрғын үй орамдарын ажарландырып, қоймаларды, жыпырлаған гараждарды шеткі аудандарға көшіреміз. Олардың орнына жаңа көпқабатты ғимараттар бой көтереді, - дейді басқарма басшысы.

Мамандар Қостанай қаласының жаңа даму моделін құрылысты дамыту тұрғысынан тиімді әрі және неғұрлым жетілдірілген деп санайды. Бұл ретте жаңа құрылыстың жартысы – көпқабатты тұрғын үй, 35% – орта қабатты, яғни, бес қабаттан жоғары емес, 10% – жеке үй-жай құрылысы, 5% – үй жанындағы учаскелерге жатады.

Жаңа үйлер мен ғимараттар барлығы 2 071,3 га аумаққа тұрғызылмақ, оның ішінде жеке үй-жайларға 600 га жер бөлінсе, көппәтерлі құрылыс үшін 1 470 га қаралған.

Бас жоспардың тұжырымдамасы немесе қаланың ұзақмерзімді даму болжамы 2050 жылға дейін есептелген. Құрылыстың бірінші кезеңін 2025 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр, оның толық қолданылуы мерзімі – 2035 жыл, қалған кезең – ұзақ мерзімді жоспарлар.

Жалпы, негізгі даму тұжырымдамасы 320 мың адамға есептелген. 2035 жылға қарай қостанайлықтар саны осы деңгейге жетуі мүмкін. Қазіргі көрсеткіште қала халқы 250 мыңға жуық. Алдын ала мәліметтер бойынша облыс орталығына салынған инвестиция 6 трлн теңгеге жетті.

Бас жоспар бекітілмегенімен, оның негізгі құрылыстары қазірден басталып кетті деуге негіз бар. Оған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер дәлел. Бүгінде көппәтерлі баспаналардың 19-ы бой көтеруге жақын, 11-інің құрылысы екінші жартыжылдықтан басталады. Осы 30 үйдің сыртында Қонай елді мекенінде жеке тұрғын үй құрылысына 2 мыңнан астам жер телімдерін бөлінеді. Мұның бәрі бас жоспарда қаралғанын айта кеткен абзал.

Қостанай облысында "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыруға 2020 жылы 8,1 млрд теңге бөлінді. Аталған бағдарлама шеңберінде Юбилейный шағын ауданында биыл құрылысшылар алты үйде, ал Әуежай шағын ауданында төрт үйді тапсыруы керек.

Берік Таңжарықовтың сөзіне сүйенсек, қазір Береке, Солтүстік-Батыс аудандарында инженерлік коммуникациялар тартылуда. 2021 жылы ол аумақтарда каскадты көпқабатты үйлер салына бастайды, оның жалпы саны – 66. Каскадты үйлердің ерекшелігі – оның әртүрлі қабатты болуы. Бұған республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Соңғы 5 жылда Қостанайда салынған тұрғын үй көлемі бірнеше есеге артқан. Мысалы, 2014 жылы облыс бойынша 60 мың шаршы метр, ал 2019 жылы 334 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деп атап өтті облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Бұл қарқын осы жылы да сақталуы тиіс. Тек "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша биыл 370 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 10%-ға көп.

Өзгелердің жаңалығы