Қосшыда алаяқтық жасаған мұғалім Ақтөбеде қолға түсті

Пәтер алып беремін деп алдаған.

 ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев 14 Тамыз 2026, 14:23
14 Тамыз 2026, 14:23
122
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Ақмола облысының полицейлері жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтықтың бетін ашты. Күдікті Қазақстанның басқа өңірінен табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Заңсыз әрекеттердің құрбаны Қосшы қаласының екі тұрғыны болды, оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 22 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, құқық қорғаушылардың мәліметінше, күдіктінің әрекетінен елорда тұрғындары да зардап шеккен. Тергеу деректері бойынша, күдікті пәтер алып беремін деген сылтаумен азаматтардың 14 және 8 млн теңге көлеміндегі қаражатын иемденіп алған. Оның жеке басы анықталып, тергеу әрекеттері басталғаннан кейін әйел қылмыстық қудалаудан бой тасалаған», - деп хабарлады полиция.

Шілде айында әйелге іздеу жарияланған. Нәтижесінде ол Ақтөбеден табылды.

«Ақтөбелік әріптестердің көмегімен ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғаушылар анықтағандай, ұсталғанға дейін күдікті Ақтөбедегі орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген», - деп толықтырды полиция өкілдері.

Қазіргі уақытта полицейлер оның жұмысқа орналасу мән-жайын, соның ішінде білім беру мекемесіне ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығын тексеріп жатыр.

Тергеушілер жалған құжаттар мен анықтамалардың пайдаланылуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада баспана кезегін «жылжытып беремін» деп адамдарды алдаған әйел ұсталды.

Тағы оқи отырыңыз:

Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды

«Пәтеріңізді шұғыл сатыңыз»: Ақтөбелік әйел баспанасынан айырылып қала жаздады

Астанада екі көлікті алаяқтықпен иемденген автосалон менеджері сотталды

Наверх