Испания билігінің мәлімдеуінше, елде нағыз «тұтылу дүрбелеңі» басталған.
Исландия, Испания, Гренландия және Ресейдің солтүстігіндегі миллиондаған адам Күннің толық тұтылуын тамашалады. Бұл астрономиялық құбылыс Қазақстан аумағынан көрінген жоқ. Алайда оны онлайн режимде тамашалауға мүмкіндік болды.
Euronews хабарлағандай, Испанияда Күннің толық тұтылуы бір ғасырдан астам уақыт бойы байқалмаған. Сондықтан Леон, Сарагоса және Валенсия қалаларына туристер көптеп жиналды. Ал Исландия астанасы Рейкьявикте Күннің толық тұтылуы 1433 жылдан бері алғаш рет байқалды.
Адамдар сирек кездесетін астрономиялық құбылысты көру үшін үлкен алаңдар мен қала сыртындағы орындарға жиналды. Күнді қауіпсіз бақылауға арналған арнайы қорғаныш көзілдіріктерге де сұраныс күрт артты.
Испания билігінің мәліметінше, бұл оқиға елде нағыз «тұтылу дүрбелеңін» туғызған. Күн тұтылуын тамашалау үшін Испанияға 446 мың турист келген.
Күн тұтылуын NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігі тікелей эфирде көрсетті.
Ресейлік ғарышкер Петр Дубров Күннің тұтылуын Халықаралық ғарыш станциясынан, шамамен 400 шақырым биіктіктен суретке түсірді. Ғарыштан түсірілген кадрларды «Роскосмос» жариялады.
Күннің толық тұтылуы Ай Жер мен Күннің арасына келіп, Күнді толықтай жауып қалған кезде болады. Сол кезде бірнеше минутқа айнала қараңғыланып, Айдың айналасынан Күннің тәжін көруге болады.