Қордайдағы қақтығыстың шығын мөлшері анықталды

11 Ақпан 2020, 13:09
1649
Бөлісу:
Қордайдағы қақтығыстың шығын мөлшері анықталды

Алматы, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиға салдарынан шамамен 1 миллиард 7 миллион теңге шығын келген. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

Сарапшы мамандар үш күн бойы мүліктерді санап, зерттеп, зерделеп осындай қорытынды шығарған. Енді бұл материалдық шығын заңға сәйкес шетінен төленеді. Бірақ ол үшін тұрғындардың құжаттары түгел болуы керек. Бұл бағытта мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары жергілікті жерде жұмыс істей бастады.  

Телеарнаның мәліметінше, мамандар Сортөбе ауылы әкімдігінің ғимаратында тұрғындарды қабылдап жатыр. Таңғы сағат 9-дан кешкі 19:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Қазір қолдарында мүлік иесі екенін растайтын құжаты жоқ адамдар бар көрінеді. 

Тұрғындардың айтуларынша, көпшілігі құжаттарын жанжал кезінде жоғалтқан. Олардың құжаттары талапқа сай болмаса өтемақы толық берілмейді. Қазір төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылған. Жұртқа ыңғайлы, әрі қолжетімді болу үшін Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр елді мекендерінде жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мамандар жұрттың өтінішін тіркеп, осы жерде қабылдайды. Бүгінгі күнге дейін 22 азаматқа жеке куәлік, 18 балаға туу туралы куәліктер берілген, - деп хабарлады телеарна.
Өзгелердің жаңалығы