Қордайда мектептегі жағдайдан кейін 14 жастағы оқушы қайтыс болды

Қордайда 14 жастағы оқушының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Туыстары мектептегі жағдайдан кейін болған оқиғаларға байланысты жауап іздеп отыр.

28 Қыркүйек 2026, 16:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов 28 Қыркүйек 2026, 16:35
28 Қыркүйек 2026, 16:35
174
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Жамбыл облысының Қордай ауданында 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне мектепте болған жағдайдың қатысы болуы мүмкін деп санайды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті BAQ.KZ тілшісіне берген жауабында мәлімдеді.

2026 жылғы 25 ақпанда Қали Қуаныш Темірбекұлының қаза болғаны белгілі болған. Туыстарының айтуынша, ол кезде 14 жаста және 7-сыныпта оқыған.

Марқұмның әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында отбасының бұл жағдай туралы жеті ай бойы үндемей келгенін айтқан.

Туыстарының сөзінше, оқиғаға дейін алгебра сабағында мұғалім мен оқушы арасында түсініспеушілік болған. Олардың айтуынша, Қуаныш сыныптасының өтінішімен тақтадағы жазбаны телефонға түсірген. Осы кезде мұғалім оқушының өзін суретке түсіргенін айтып, оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын жеткізген.

Отбасының айтуынша, осыдан кейін мұғалім Қуаныштан түсініктеме жазуды сұраған. Кейін әкесін мектепке шақыруды тапсырған.

Туыстарының мәліметінше, оқушы қоңырауға шамамен бір минут қалғанда күртесін алып, мектептен шығып кеткен. Алайда оның мектепте жоқ екені бірден байқалмаған.

Қоңырауға бір минут қалғанда күртесін ала салып, мектептен шығып кеткен. Кейін бір сағаттай уақыт өткен. Одан соң тағы бірнеше сабақ болған. Сол аралықта Қуанышты ешкім іздемеген, – деп жазды марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде.

Отбасы өкілдерінің айтуынша, кейін мектептен Қуаныштың туыстарына хабарласқан. Алайда ол кезде оқушының нақты қайда екені белгісіз болған.

Туыстарының сөзінше, сол күні кешке Қуаныштың қайтыс болғаны белгілі болған.

Жамбыл облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді полиция.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оның аясында оқиғаның барлық мән-жайына, соның ішінде мектептегі жағдай мен одан кейінгі оқиғаларға құқықтық баға берілуі тиіс.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қосшыда сабақ кезінде 10 жасар оқушы қайтыс болған еді.

Сондай-ақ, Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №47 орта мектепте  9-сыныпта оқитын оқушы мектеп қабырғасында қайтыс болды.

Наверх