Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді

18 Мамыр 2022, 16:20
2851
Бөлісу:
Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қалалық орталық кітапханада Түркістан облысының «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсенбаев көпбалалы аналармен кездесу өткізді. 

Жиында 5 маусымда өтетін республикалық референдумға орай құрылған облыстық штабтың мүшесі референдумның не үшін қажет екендігіне, оның сайлаудан айырмашылығы мен Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде кеңінен тарқатып айтып берді. 

Аталған референдумды қолдау мақсатында аймақта азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар мен ардагерлер, жастар көшбасшыларынан құралған республикалық қоғамдық штаб өкілдігінің құрамы жасақталған болатын. 

Кездесу барысында қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы мемлекетке, қоғамға қажетті ең өзекті нәрсені халықтың өз ойы мен пікірін біліп, дауыс беру арқылы шешім қабылдау үшін референдум өткізгелі жатқанын атап өтті. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар БАҚ беттеріне, сонымен қатар әлеуметтік желілердің барлығына шықты.

Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді

Тарихқа сәл үңілсек, осыдан 27 жыл бұрын референдум өткізілген болатын. Осы уақыт аралығында әлемде де, елдің тыныс-тіршілігінде де талай өзгерістер орын алды, жағымсыз оқиғалар да болды. Міне соның салдары жаңа бетбұрыс жасауға алып келіп отыр. Осының бәрін ескере отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда халыққа арнаған сөзінде Жаңа Қазақстанды құрамыз, барлығымыз бірге жаңарайық, жаңғырайық деді. 16 наурыз күні жаңғыру жолында жасаған Жолдауында еліміздің өркендеп өсу жолы мен бетбұрыс жасау бағыттарын айқындап берді. Сонымен қатар, Президент еліміз жаңару үшін ең бірінші Ата Заңнан бастау керектігін айтты. Өйткені, біз сол заңмен өмір сүріп жатырмыз, сол заңмен ертең балаларымыз да өмір сүреді. Мамандармен, заңгерлермен ақылдаса отырып жасалған Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде халқымызға ең қажетті деген баптарға өзгеріс еніп отыр», - деді Бақытжан Жармаханұлы. 

Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді

Кездесуде «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы реформаның негізгі бағыттарына да қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, суперпрезиденттік басқарудан бас тарту тарихымызда болмаған жайт. 

Бұл деген сөз, бұдан былай екі реттен артық ешкім Президенттікке сайлана алмайды және саяси партияның да мүшесі бола алмайды. Яғни барлық партиялардың терезесі тең болады, кез келген сайлауда алға қойған мақсаттарын қорғауға құқықтары бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ, Президенттің жақын туыстары 6 маусымнан кейін квазимемлекеттік билікке келе алмайды, - деді ол. 

Бұдан бөлек, облыстық штабтың мүшесі ретінде жиылғандарға Конституциялық  сот құрылатынын, сонымен бірге Жоғары соттың төрағасы, мемлекеттік бюджетті тексеретін аудит палатасы құрылып жатқанын, Орталық сайлау комиссиясының да төрағасы ешқандай саяси партияға мүше бола алмайтынын түсіндіре кетті.  

Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді

Парламентте де үлкен өзгерістер болады. Сенатқа Президент өз тарапынан бес, Халықтар достығы ассамблеясы бес депутат ұсынады. Мәжілісте 98 депутат қалады. Бұрын депутаттар партиялардың арқасында сайланатын еді. Қазір депутатты 70 пайыз партиялар, 30 пайыз бір мандатты халық сайлайды. Тағы бір айта кетерлігі, егер депутат өз жұмысын дұрыс атқармаса, халық оны қайтарып алып басқасын сайлауына құқы бар. Бұрын Парламентте заң шығаруда, заң дұрыс емес болса, Сенат кері қайтаратын, ал өзгерістен кейін Сенат тек қана мақұлдайтын болады, ал Мәжіліс негізгі заңды қабылдайды. Жалпы, Ата заңға енетін өзгерістер халықтың елді басқаруға араласуын күшейткелі жатыр», - деді Б.Бейсенбаев. 

Көпбалалы аналармен кездесу барысында Бақытжан Бейсенбаев елдегі азаматтардың құқығын қорғау тәртіптері мен тетіктерінің күшейтілетінін және прокуратураның негізгі міндеті мен қызметі туралы жаңа заң қабылданатынын айтты. 

Прокуратура мемлекеттің атынан заңдар мен құқықты, азаматтардың еркіндігін, өзге де нормативтік актілер мен ұлттық заңнамалардың орындалуын қадағалайды. Конституцияға тағы бір енгелі жатқан өзгеріс, ол республикада азаматтардың құқын қорғау жөніндегі уәкіл деген қызмет енеді. Оның мақсаты - сіз бен біздің мүдделерімізді қорғау, оларды тиісті орындарға жіберу. Өз міндетін жүзеге асыру барысында тәуелсіз, тікелей Президентке бағынады және лауазымды тұлғалар мен жергілікті органдарға есеп бермейді. Бұдан былай арыз-шағыммен әр есікке шапқылай бермейсіздер, Ата заңмен бекітіліп отыр, - деді спикер.  

Қоғамдық штаб көпбалалы аналармен референдум бойынша кездесу өткізді

Жиынға қатысқан көпбалалы ана Гүлзада Егембердиева Ата заңды қолдап дауыс беретінін айтты. 

Жиында Президенттің туыстарының партиялар мен квазимемлекеттік секторларға келмейтініне, ауыл ғана емес, қала мен аудан әкімдерін халықтың өзі сайлап дауыс бере алатыны айтылды. Мұндай өзгерістерге әрине халықтың көңілі толады. Бұл Жаңа Қазақстан үшін өте қажет қадам», - деді ол.

Ал Роза Қиқымбаева референдумды халықтың қолдау қажеттігін, мемлекеттің жері, жер қойнауындағы байлықтың иесі халықтың өзі екендігіне дән риза. 

Референудум жақсылығымен келсін, мұны баршамыз қолдап атсалысқанымыз дұрыс. Менің түсінгенім, қолданыстағы 6-бапта жерімізді, қазба байлығымызды тек халықтың рұқсатымен ғана мемлекет өз мақсатына жарата алады. Сондай-ақ, жиында Президенттің аудан, қала мен ауыл әкімдерін қызметінен алып тастай алмайтынын түсіндірді. Расында халық сайлаған адам ел алдында жауапты болып, халықтың сенімін ақтауым керек деп өзінің абыройы үшін қимылдайды, - деді көпбалалы ана Роза Қиқымбаева. 

Кездесу соңында Түркістан облыстық штабтың мүшесі Бақытжан Бейсенбаев Конституциялық реформа елдің бүгінін ғана емес, ертеңін де жақсы жаққа өзгертетін ең негізгі құжат екенін айтып, жиналысты түйіндеді. 

Өзгелердің жаңалығы