«Есіл бір түнде құрғап қалды»: Астанадан тараған видео жұртты алаңдатты

23 Қазан 2026, 16:12
АВТОР
 @dinara_supper_mama видеосынан алынған кадр 23 Қазан 2026, 16:12
23 Қазан 2026, 16:12
261
Фото: @dinara_supper_mama видеосынан алынған кадр

Астана тұрғындары Есіл өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендегеніне назар аударды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода әдеттегі су айдынының орнына арнасының едәуір бөлігі ашылып, тек кей тұстарында ғана су қалғаны көрінеді. Кадрлар қала тұрғындары арасында қызу талқыланды. Елорда әкімдігі өзеннің таяздануына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Instagram желісінің қолданушысы жариялаған видеода көпқабатты тұрғын үйлердің ортасындағы өзен бөлігі бейнеленген. Әдетте су басып жататын аумақтың едәуір бөлігі ашылып қалған. Арнаның кейбір ойпаң тұстарында ғана шағын су жиналған жерлер сақталған. Ал жағалау бойынан ылғалды топырақтың кең аумақтарын көруге болады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Динара Жолдасбекова (@dinara_supper_mama)

Астана тұрғындары не дейді?

Өзеннің осындай күйге түсуі елорда тұрғындарын таңғалдырды. Әлеуметтік желі қолданушылары су деңгейінің неліктен күрт төмендегенін және бұл жағдайдың өзеннің табиғи арнасына араласумен байланысты-болмағанын талқылай бастады.

Бірі өзенді тазарту жұмыстары үшін суы әдейі ағызылған болуы мүмкін деген болжам айтты. Енді бірі мұның экожүйеге ықтимал әсеріне алаңдаушылық білдірді.

Өзеннің табиғи арнасын өзгертуге болмайды! Өзенді құртып жіберді, – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір пікір қалдырушы су деңгейінің төмендеуін өзенді қыс мезгіліне дайындау жұмыстарымен байланыстырды.

Видеодан өзенді тұнбадан тазарту қажет екені көрініп тұр. Сондықтан қала билігі қыста өзен арнасын тазарту мүмкіндігі болу үшін суды ағызып жіберген, – делінген пікірде.

Кейбір тұрғындар судың тартылуын пайдаланып, ашылған өзен табанын қоқыс пен жиналған шөгінділерден тазартуды да ұсынды.

Астана әкімдігі не деп жауап берді?

Елорда әкімдігінің түсіндіруінше, Есіл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне құрылыс жұмыстары себеп болған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізген.

Қала Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталды, енді су деңгейін көтеру басталады, – деп хабарлады Астана әкімдігі.

Алайда әкімдік ұсынған түсініктемеде су деңгейінің толық қалпына келетіні нақты қашан болатыны және таязданған аумақтың қайта суға толуына қанша уақыт қажет екені айтылмаған.

Тағы оқи отырыңыз: Алматыдағы ЖЭО-2-ден қара түтін шықты: Тұрғындар ауа сапасына алаңдады 

Наверх