Қоғамдық кеңес мүшелері әр азаматпен тікелей байланыс орнатуы қажет – министр

14 Қазан 2022, 13:27
1613
Бөлісу:
Қоғамдық кеңес мүшелері әр азаматпен тікелей байланыс орнатуы қажет – министр

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қоғамдық кеңестердің ІІІ республикалық мәжілісінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр қоғамдық кеңестер қызметін ақпараттандыру әлі тиісті деңгейде емес екеніне тоқталды.

Бұқара халықтың басым көпшілігі қоғамдық кеңестердің қызметі туралы көп ақпар ала алмайды. Сондықтан әлеуметтік желі ақпараттандырудың негізгі көзі екенін ескере отырып, қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік желілерде белсенді болуға тиіс деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы әр азаматпен тікелей байланыс орната отырып, олардың мәселелерінің шешілуіне және азаматтардың қоғамдық кеңес қызметі туралы ақпарат алуына мүмкіндік жасауымыз қажет, - деді ол.  

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі басты міндет қоғамдық кеңестер қызметіне деген халықтың сенімін арттыру екенін айтты. 

Қоғамдық кеңестер жүйелі түрде азаматтарды қабылдауды практикаға енгізуі қажет. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер отырыстарының күн тәртібі де азаматтармен көтерілетін мәселелерге байланысты құрылғаны жөн. Осы орайда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе грантпен қаржыландыру аясында қоғамдық кеңес мүшелерін кәсібилендіруге бағытталған әлеуметтік жобаларды әрбір өңірде іске асыру мүмкіндігі қарау ұсынылады, - деді министр.  

Министр өз сөзінде 2021 жылы қоғамдық кеңестер заңнамасына бірталай өзгертулер енгізілгенін де атап өтті. Алайда кеңестер қызметін жандандыру тек қана заңнамаға өзгерістер енгізумен шектелмейтінін де айтты. 

Кез келген заңнама нормалары қоғамдық кеңестердің күнделікті қызметінде қолданылған жағдайда ғана біз оның нақты пайдасын көре аламыз, - деді Дархан Қыдырәлі.      

Өзгелердің жаңалығы